Уәлиханов ауданында Ұлттық кітап күнінде оқушылардың қатысуымен орталық кітапханада ауқымды, танымды іс шара өтті. «Кітап және рухани өмір» атты мерекелік жиынға мектеп оқушылары қатысты. Кітапхана қызметкерлері қатысушылар үшін түрлі викториналық ойындар өткізді. Сонымен қатар, сирек кездесетін балысымдар жайында баяндап берді, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
Биылдан бастап Қазақстанда алғаш рет Ұлттық кітап күні кең көлемде аталып өтуде. Бұл мереке – тек оқуға шақыру ғана емес, кітаптың қоғамдағы орнын айқындайтын ерекше күн. Аталған бастаманы 2024 жылы Ұлттық құрылтай барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынды. Кітап оқу мәдениетін арттыру, оқырман ұлтты қалыптастыру, сондай-ақ отбасылық оқу дәстүрін жаңғырту мақсатында белгіленді. Міне, осы бастама аясында Уәлиханов аудандық орталық кітапханасы мамандары жас оқырмандар үшін танымды жиын өткізді. Бұл тек баяндама оқу ғана емес, ойын арқылы жастарды кітапқа деген қызығушылықтарын ояту.

«Түрлі викториналар, конкурстар, танымдық ойындар ұйымдастырдық. Осылайша жиналғандарға ерекше көңіл-күй сыйлағымыз келді. Балалар өте белсенді қатысты.Қатысушылар сирек кездесетін басылымдармен, жаңа әдебиеттермен танысуға мүмкіндік алды»,-дейді аудандық кітапханада өткен іс-шараны жүргізген Жанаргүл Мүшелбай.
Жиынға арнайы келген аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Бахытжан Мамилина қатысушыларды мерекемен құттықтады. Ол өз сөзінде кітаптың қоғамдағы маңызын, рухани дамудағы орнын атап өтті.

«Бұл мереке оқуға деген қызығушылықты арттыру мен жас ұрпақтың санасына ұлттық құндылықтарды сіңіруде үлкен рөл атқарады. Ұлттық кітап күнін атап өту Мемлекет басшысының бастамасы. Оны біз қолдап отырмыз. Себебі, болашақта саналы ұрпақ тәрбиелеу үшін білім, оқу керек»,-деді Бахытжан Мамилина.
Бұл күні аудандық орталық кітапханаға экскурсиясы мен библиотур ұйымдастырылды. Қонақтар кітапхана бөлімдерінде ашылған кітап көрмелерімен танысты. Оқу залының кітапханашысы Бибігүл Кошенова қатысушылар арасында танымдық әдеби ойындар өткізіп, балалардың білімін шыңдауға ат салысты.

Ал, «Мен оқыған бір кітап» атты кітап оқу марафонында оқушылар өздері оқыған сүйікті кітаптары жайында ой бөлісті. Тіпті кейбірі естерінде қалған үзінділерді оқыды. Бұл бөлімді аудандық орталық кітапхананың библиографы Макка Жакенова өткізді.
«Жанды кітап» жобасы да оқушылар арасында қызығушылық тудырды. Олар сүйікті кейіпкерлерінің образына еніп көркем сөз, монологтар оқыды. Ұлы ақындардың өлең шумақтарын оқырмандар жарыса ортаға шығып оқыды.
Белсенді қатысқан оқырмандарға алғыс хат табысталып, олардың кітап оқуға деген ынтасы жоғары бағаланды.
Тағы оқыңыз: Петропавлда 17 көпқабатты үйдің құрылысы жүріп жатыр