Уәлиханов ауданының шаруалары көктемгі дала жұмыстарын бастауға дайын. Биыл диқандар 242,6 мың гектар жерге дән себуді жоспарлап отыр, деп жазады Qazaqstan Мedia тілшісі.
Биыл Уәлиханов ауданының шаруалары бидай, арпа, сұлы, бұршақ, жасымық, масақ қоспасын өсіруді жоспарлап отыр. 39 мың гектарға жуық алқапқа рапс, күнбағыс, зығыр екпек. Сондай-ақ егістік алқаптарының құрылымында жемшөп дақылдары да бар. Ол — жүгері, біржылдық және көпжылдық шөптер. Тағы 350 гектарға картоп отырғызылады.
«2025 жылы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер 318 861 га егістік алқапқа 18 381 тонна минералды тыңайтқыш сатып алуы тиіс, бұл облыстың жалпы егіс алқабының 6,4% құрайды. Шаруашылықтармен тұрақты негізде шарттар жасасу және уақтылы төлеу қажеттілігі туралы жұмыс жүргізілуде. 9 сәуірдегі жағдай бойынша аудан шаруашылықтары 3 797 тоннаға немесе жоспардың 20,6% — на шарт жасасты. 1 369 тонна төленді және жөнелтілді. Бұл жоспардың 7,4% құрайды», — деді Уәлиханов ауданы кәсіпкерлік, ауылшаруашылығы және ветеринария бөлімінің басшысы Жолдыбай Хасенов.
Оның айтуынша, тыңайтқыштарды енгізу жоспары орындалмай қалуы мүмкін. Өйткені, аудандағы егістік алқаптарының 50% — дан астамы, яғни 179 183 га жер «Қазақстанның астық консорциумы» ЖШС-на тиесілі. Оның ішінде 75 мың гектар немесе 2025 жылдың барлық жоспарланған егіс алқабының 30,8% — ы бірлескен қызмет туралы шарт бойынша тапсырылды.
«Шарттар 2023 жылдан 2025 жылға дейін үш жылға жасалды. Жерді уақытша пайдаланған шаруашылықтар минералды тыңайтқыштар енгізбейді, себебі жалға алынған жерлер тыңайтқыш сатып алғаны үшін субсидия алмайды. Сондай — ақ олармен арзандатылған дизель отынын бөлу мәселесі шешілген жоқ. Айта кету керек, «Қазақстанның астық консорциумы» ЖШС егіс науқанын өз күшімен жүргізбейді», — дейді Жолдыбай Хасенов.
Биылғы көктемгі дала жұмыстарына фермерлер 20,4 мың тонна тұқым дайындады. Бұл жүз пайыздық көрсеткіш.
«9 сәуірдегі жағдай бойынша 21 шаруашылық 1712 тонна тұқым сатып алды. Оның ішінде элита 1 609 тонна, бірінші репродукция 93 тонна, екіншісі 10 тонна», — деді Уәлиханов ауданы кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің басшысы.
Көктемгі егіс жұмыстарына Уәлиханов ауданының аграрийлеріне 3,5 мың тонна дизель отыны қажет болады. Олар «Траст Петролеум» ЖШС жұмыс істейді. Ал орақ науқаны кезінде диқандарға 4,1 мың тоннадан астам жанармай қажет.
«Егіс науқанын жүргізуге түрлі модификациядағы 274 трактор, 313 сепкіш, 47 заманауи жоғары өнімді егіс кешені және басқа да техника қатысады. Ауыл шаруашылығы құрылымдары алдағы егіс науқанына ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарын дайындау бойынша жұмыс жүргізуде. Ауданда ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарды жөндеуге арналған жеті машина-трактор шеберханасы бар», — дейді Жолдыбай Хасенов.
2025 жылдың басынан бастап Уәлиханов ауданының аграрийлері 28 жаңа ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарын сатып алды. Оған 251, 2 млн теңгеден астам қаржы жұмсаған. 2024 жылы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер 1,1 млрд теңгеге 162 ауыл шаруашылығы машинасын сатып алды. Осылайша, техника паркін 3,1 пайызға жаңартқан.
Тағы оқыңыз: СҚО-да 14 жасар бала өз-өзіне қол жұмсаған