Уәлиханов ауданының үш мехбригадасы Петропавлдағы Ойқала ауданында жұмысын бастады. Олар 140 үйді жөндеп, қалпына келтірулері керек. Сондай-ақ тасқын судан кейін көшелерді қоқыстан тазаламақ, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Уәлиханов ауданының жұмыс бригадалары 10-шы мамырда жұмысқа кірісті. Қазір жұмысшылар негізінен су кеткен үйлердің аулаларын қоқыстан тазартып, қалдық суларды сорумен айналысып жатыр. Кейінірек олар үйлерді жөндеуге кіріседі.
«Барлығы 18 адам жұмыс істейді. Біздің мехбригада құрамында шебер, тас қалаушы, ағаш ұстасы тағы басқа жұмысшылар бар. Техникамыз толық жұмыс істеп тұр. Бізге тиесілі аумақта 140 үй бар. Оның 134 жеке тұрғын үй болса, қалғаны заңды тұлғаға тиесілі нысандар. Жөндеу жұмыстарын бастау үшін біз сметалық құжатты алуымыз керек. Қазірдің өзінде 37 үйге қатысты актіні дайындадық. Кейбір баспана иелері жөндеу жұмыстарын істеу қажет пе, әлде пайдасы жоқ па деп ойланып жүр», — деді Уәлиханов ауданы әкімінің орынбасары Талғат Сағитов.
Естеріңізге сала кетейік, Ойқала ауданында 1380 үй су астында қалған болатын.
Айта кетейік, бүгіндері тасқыннан зардап шеккен үйлерді жөндеу үшін ауданнан келген мехбригадалар Былғары зауыты және Заречный кентінде жұмыс істеп жатыр.
Тағы оқыңыз: Жамбыл ауданынан келген мехбригада су тасқынынан зардап шеккен үйлерді қайта қалпына келтіріп жатыр