Солтүстік Қазақстан облысында жыл басталғалы 14 адам жол апатынан көз жұмды. Бұл кісі қолынан қайтыс болу фактісінен 4,5 есе көп. Жалпы биыл өңірде 107 жол-көлік оқиғасы тіркелген, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
СҚО жолдарында биыл 14 адам қаза тапса, солардың біреуі – жасөспірім. Тағы 168 адам зардап шеккен. Бұл 2023 жылға қарағанда әлдеқайда көп. Былтыр осы кезеңде 64 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, бес адам көз жұмған.
«Биыл жол апаттарының көбі Петропавл қаласының аумағында тіркелді. Олардың саны – 59. Салдарынан үш адам көз жұмды, 68-і жарақаттанған. Қызылжар ауданында – 11, Тайынша ауданында – 9 жол апаты болды. Сонымен қатар жол-көлік оқиғалары салдарынан Есіл және М. Жұмабаев аудандарында қаза болғандар саны артқан», — деді облыстық прокуратураның сотқа дейінгі тергеп-тексеру және қылмыстық қудалаудың заңдылығын қадағалау басқармасының бастығы Саян Асқаров.
Көп жағдайда тұрғындар жылдамдықты асырмау, қарсы бағытқа шықпау сынды қарапайым қағидаларды сақтамайтын көрінеді. Айта кетейік, тіркелген жол-көлік оқиғаларының 88 пайызы ер азаматтарға тиесілі екен. Яғни, әйелдерге қарағанда олар көбірек жол ережелерін бұзады.
Биыл төрт айдың ішінде транспорттық құқық бұзушылыққа қатысты қылмыстардың да қатары 16 пайызға артқан. Бірақ жүргізу құқығынан айырылғандар рөлге аз отыратын болыпты.
Тағы оқыңыз: Петропавлда 86 жастағы қария суицид жасады