СҚО-да кей өзен-көлдерде су деңгейі көтеріліп, қауіпті межеге жақындады. Алдағы күндері болатын жауын-шашын жағдайды ушықтыруы мүмкін, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
Қазгидромет мамандары алдағы үш күнге арналған ауа райы болжамын ұсынды. Наурыздың 19-21 аралығында күндіз ауа температурасы + 13 градусқа дейін көтеріледі. Ал түнде сынап бағанасы 0-5 градус болады. Сондай-ақ мамандар жаңбыр жауады деп болжап отыр. Бұл жағдайды одан әрі ушықтыруы мүмкін. Өйткені, қазірдің өзінде өңірдегі кей өзен-көлдер еріген қар суымен толып, қауіпті деңгейге жеткен. Айталық, Ленинградское ауылындағы Шат өзенінде су деңгейі бір тәулік ішінде 30 см-ге көтерілген. Ал Корнеевка ауылының маңындағы Тораңғұл көлінде қауіпті меже 365 см болса, қазір су деңгейі 338 см-ді құрап отыр. Тайынша ауданындағы Шағалалы өзенінде де жағдай мәз емес. Онда бір тәулік ішінде су деңгейі бірден 95 см-ге көтерілген.
«Есіл өзенінде де су деңгейі күн сайын өзгеруде. Ғ. Мүсірепов ауданындағы Тоқсан би ауылының маңында бір тәулік ішінде су 13 см-ге көтерілген. Покровкада + 25 см-ді көрсетті. Сергеев су қоймасында су ернеуінен 2 см-ге асқан. Ал Петропавл су торабында бір тәулікте су 2 см-ге көтерілген», — делінген «Қазгидромет» РМК СҚОФ ұсынған ақпаратта.
Тағы оқыңыз: СҚО-да заң бұзған шетелдік елден шығарылды