Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Конституция заман талабына сай болуы керектігін айтып, цифрландыру үдерісін Ата заң деңгейінде бекіту қажеттігін мәлімдеді. Бұл туралы президент Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайда айтты, деп жазады Qazaqstan Media.
Президенттің айтуынша, Қазақстан зайырлы мемлекет екенін айқындайтын нормалар сақталып, күшейтілуі тиіс.
«ХХІ ғасырда цифрландыру өте жылдам жүріп жатыр. Жоғары технология адамның күнделікті өміріне, құқықтары мен бостандықтарына тікелей әсер етуде. Бұл үрдіс алдағы уақытта да жалғасатыны анық», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осыған байланысты Мемлекет басшысы елдегі цифрландырудың институционалдық-құқықтық негізі Конституцияда нақты көрсетілуі тиіс екенін атап өтті. Сондай-ақ азаматтардың дербес цифрлық деректерін заңмен қорғау қажет екенін айтты.
Президент жарты жыл бойы жүргізілген қоғамдық талқылаулар барысында конституциялық реформаның басты бағыттары айқындалғанын жеткізді. Халықтан түскен ұсыныстар мұқият сараланып, орынды бастамалар ескерілген.
«Халықтың қолдауына ие болса, Қазақстанның мемлекеттік құрылысының жаңа кезеңі басталады», – деді Мемлекет басшысы.
Тағы оқыңыз: Аязда адасып кеткен ауыл тұрғынын полиция дер кезінде тапты

