Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Turkistan» газетіне берген сұхбатында елде жүргізіліп жатқан реформалар, экономикалық саясат және инфляциямен күрес жайында айтты, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Мемлекет басшысы реформаларды іске асыру кезеңінде қоғам тарапынан түсінбеушілік туындауы мүмкін екенін атап өтті. Дегенмен, мұндай жағдайда көшбасшы жауапкершілікті өз мойнына алуы керектігін айтты.
«Мен Мемлекет басшысы ретінде осындай жауапкершілікті өз мойныма аламын. Болашақта да бұған дайынмын. Бұл – қиын, бірақ Қазақстан үшін жалғыз дұрыс жол. Біз алға қарай нық қадам басу үшін реформаларды қалай да жүзеге асыруымыз керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, қыс мезгілінде халыққа ауыртпалық түспеуі үшін тарифтерді өсіру уақытша тоқтатылған. Сонымен қатар Үкіметке бюджет қаржысын тиімді пайдалану және инфляцияны тежеу міндеті жүктелген.
«Экономикаға ақшаны орынсыз құя беруге болмайды, бұл инфляцияны күшейтеді. Қатаң бюджеттік тәртіп қажет. Қаржы тек мемлекетке қажетті жобаларға жұмсалуы тиіс», – деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Тоқаев халықаралық сарапшылардың Қазақстан «орташа табыс қақпанына» тап болды деген пікіріне де тоқталды. Оның сөзінше, бұл — тек экономикалық теория емес, көп азаматтың күнделікті өмірінде байқалып отырған шындық.
«Адамдар табыс табады, бірақ оны инфляция жұтып қояды немесе ипотека, балаларды оқыту, ата-анаға көмектесу сияқты шығындарға кетеді. Кез келген күтпеген жағдай тұрмыстық тұрақтылықты бұзып жібере алады», – деді Президент.
Еске сала кетейік, бүгін «Turkistan» газетінде Мемлекет басшысының басылым бас редакторы Бауыржан Бабажанұлына берген кең ауқымды сұхбаты жарияланды.
Тағы оқыңыз: Мектептерде ЖИ репетиторлары пайда болады

