Биыл Тимирязев ауданының орталық алаңы толықтай жаңартылды. Оған облыстық және аудандық бюджеттен 213 млн теңге бөлінген, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі
Жөндеуден өткен орталық алаң бүгінде тұрғындардың көз қуанышына, сүйікті демалыс орнына айналып үлгерген. Ол ауданның 60 жылдық мерейтойына арналған сый болып отыр. Жалпы алаңды қалыпқа келтіру үшін жобалық-сметалық құжат 2022 жылы жасалған. Ал биыл жыл басында конкурс ұйымдастырылды.
«Астаналық «Батыс строй ТС» ЖШС жеңімпаз атанды. Құжатта біз орталық алаң және ҰОС жауынгерлеріне арналған саябақты жөндеуге 324 млн теңге деп көрсеткен едік. Кейін конкурс нәтижесі бойынша қаражат 213 млн теңге болып шықты. Осы қаржының бір бөлігі, яғни 150 млн теңгеге орталық алаң қалыпқа келтірілді. Мұнда тротуар плиткасы ауыстырылып, гүлзарлар орнатылды, асфальт-бетон жабындысы төселді. Конститутция Стелласы да жөндеу көрді», — дейді Тимирязев ауданы әкімінің орынбасары Рустем Рамазанов.
Алдағы уақытта мердігер компания осы маңдағы ҰОС жауынгерлеріне арналған саябақты да қалыпқа келтірмек.
Тағы оқыңыз: Тимирязев ауылында жолдар қалыпқа келтіріліп жатыр