Биыл Тимирязев ауданының құрылғанына 60 жыл толып отыр. Осыған орай елді мекенде дүбірлі той ұйымдастырылып, ауқымды іс-шаралар өткізілді, деп хабарлайды Qazaqstan Мedia тілшісі.
1954 жылдың шілдесінде Октябрь ауданының аумағы негізінде Тимирязев совхозы құрылды. Бастапқыда аудан орталығы Целинный деп аталды. Кейін 1963 жылы Тимирязево ауылы аттас ауданның орталығына айналды. Оған Солтүстік Қазақстан, Көкшетау және Қостанай облыстарының сегіз совхозы кірді. Оның аумағында Сулы және Ақсуат элеваторлары, Белоградов астық қабылдау пункті, Теміржол вокзалы, мұнай базасы, автобаза және облыстық тұтыну одағының базасы болды.
Тимирязев ауданының негізгі даму сатысы тың игеру жылдарына сәйкес келеді. Ауылдың өркендеп, гүлденуіне еңбекқор азаматтардың қосқан үлесі мол. Бүгінде мұнда 10 мыңға жуық адам тұрады. Бүгін олар үшін нағыз мереке. Бұл күні барлық ниет білдірушілер қазақша күресі және басқа да ұлттық спорт түрлерімен, жағажай волейболы және шағын футбол бойынша жарыстарға қатыса алды. Аудан тұрғындары мен қонақтары үшін жергілікті стадионда мерекелік жәрмеңке ұйымдастырылды.
Мерейтойға орай ауылда орталық алаң жаңартылып, саябақ ашылды. Тарихи-өлкетану мұражайы да өзгерді. Оны жөндеуге және жаңа жиһаз алуға сегіз миллион теңге жұмсалды.
Ал, жергілікті стадион ауыл тұрғындарының мақтанышына айналған.
Ауданның мерейтойына арнайы барған облыс әкімі Айдарбек Сапаров барша халықты мерекемен құттықтады.
«Тимирязев ауданының қалыптасуы мен дамуы біздің жерлестеріміздің қажырлы еңбегімен байланысты. Олар тың жерлерді игеріп, совхоздар құрып, экономиканы дамытып, адамдардың өмір сүруіне жағдай жасады. Мерейтойға орай аудан ауылдарын дамыту бойынша іс-шаралар кешені өткізіледі. Стадионға күрделі жөндеу жүргізілді. Комсомольское және Москворецкое ауылдарындағы мектептер жөнделді. Кентішілік жолдарға жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Аудан орталығының алты көшесі жаңаланды. Алаң жаңартылып, балалар ойын және спорт алаңы орнатылуда. Құрметті жерлестер, Тимирязев ауданына тұрақтылық пен өркендеу тілеймін. Барлық тұрғындарға зор денсаулық, бақыт және туған өлкенің игілігі үшін аянбай еңбек етіп, жетістіктерге жетулеріңізге тілектеспін», — деді өңір басшысы.
Бұл күні «Тимирязев ауданының Құрметті азаматы» атағына оның дамуына үлес қосқан алты солтүстікқазақстандық ие болды. Бірқатар тұрғындар Құрмет грамоталарымен және алғыс хаттармен марапатталды.
Ал, аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысына 18 орындық жаңа қызметтік Газельдің кілті табысталды.
Аудан әкімі болса, «Тимирязев ауданына 60 жыл» медалін жеті жерлеске табыс етті. Үш азаматқа «Ауыл шаруашылығы ардагері» медалі берілді.
«Мен мұнда 1997 жылдан бері тұрамын. Маған аудан өте ұнайды. Менің төрт балам осында өсіп, оқыды. Тимирязев ауданы соңғы жылдары өте жақсы дамып, өзгеріп келеді. Мұнда өте мейірімді адамдар тұрады. Барлығына мықты денсаулық тілеймін, — дейді ауыл тұрғыны Галамзар Әлиева
Тұрғындар үшін бұл мерейтой нағыз сыйлық болды. Оларды бұл күні өңірдің шығармашылық ұжымдары ғана емес, сонымен қатар елордалық әртістер — «Тропикано» афро-тобы да құттықтады. Тимирязевтіктерді қазақстандық әнші Нұрлан Абдуллин де өз өнерімен қуантты. Мереке отшашумен аяқталды.
Тағы оқыңыз: Тимирязев ауданына 60 жыл толуына орай спорттық жарыс ұйымдастырылды