Ақындар темір тордың ар жағында өнер көрсетті. Мәдени іс-шара Солтүстік Қазақстан облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаментінің №48-ші мекемесінде ұйымдастырылды. Ол қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Өмірде аяқтарын шалыс басып, бас бостандығынан айырылған жандардың арасында да қазақтың қара өнерін сүйетіндер бар. Солардың бірі-Дамир есімді жазасын өтеп жатқан жігіт. Темір торға тоғытылғанға дейін Дамир қолына домбыра алып, қара сөзді өлеңмен өрнектеп, айтысқа да қатысқан екен.
Ол мекеме ұйымдастырған өнер бәсекесінде солтүстіктің намысын республикалық байрақты айтыстарды қорғап жүрген ақындармен бақ сынасты. Олар Жұмабек Рахимов пен Диас Аяған.
Түзету мекемесінің сахнасына шыққан ақындардың өнерін талай жылғы тәжірибесі бар білікті мамандар бағалады. Әр қатысушыға естелікке сыйлық та берілді. Ал көрермендер әрине, сотталған азаматтар болды. Бұл іс-шара ақылдың ақыны атанған Абайдың мұрасын дәріптеуге арналды. Сонымен қатар, бас бостандығынан айырылған жандарды түзу жолға салып, тәрбиелік бағытта ұйымдастырылды.
Тағы оқыңыз: СҚО-да учаскелік полицей күйеуінен қорлық көріп келген қызы мен анасын құтқарды