Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Киберқылмысқа қарсы күрес департаменті Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп, азаматтардың жеке деректерін Telegram мессенджері арқылы заңсыз таратқан қылмыстық топтың жолын кесті. Бұл туралы ІІМ хабарлады, деп жазады Qazaqstan Media.
Ведомствоның мәліметінше, жеке мәліметтер мемлекеттік деректер базаларынан заңсыз алынған және олар Telegram арналар арқылы таратылған. Деректер кейбір коллекторлық компанияларға да беріліп отырған.
«Аталған іске байланысты 140-тан астам адам, оның ішінде компания иелері мен Telegram арнаның әкімшілері ұсталды. Қазіргі уақытта бес адам қамауға алынды. Коллекторлық ұйымдарда жүргізілген тінту барысында 400-ден астам компьютер мен өзге де электрондық техника тәркіленді», — деді ІІМ Киберқылмысқа қарсы күрес департаментінің бастығы Жандос Сүйінбай.
Қылмыстық істер жеке өмірге қол сұғу, жеке деректерді заңсыз жинау және тарату, сондай-ақ шектеулі қолжетімділікке ие электрондық ресурстарды заңсыз пайдалану фактілері бойынша қозғалды.
Құқық қорғау органдары қылмысқа қатысы бар өзге де тұлғаларды анықтау жұмыстарын жалғастырып жатыр.
Тағы оқыңыз: Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Құрбан айт мерекесімен құттықтады