Соңғы уақытта мессенджерлер арқылы жасалатын интернет алаяқтықтың жаңа тәсілі белең алып келеді. Бұл жолы алаяқтар адамдардың кітапқа деген қызығушылығын пайдаланып, Telegram желісінде «тегін электронды кітапхана» деген желеумен зиянды файлдар таратып жүр, деп хабарлайды  Qazaqstan Media, BAQ.KZ сілтеме жасап.

Мәселе неде? Сырттай қарағанда бәрі өте тартымды: ондаған, тіпті жүздеген кітапты тегін ұсынатын арна немесе бот, ешқандай төлем талап етілмейді. Алайда мұның артында жеке деректерге қол салатын қауіпті схема жасырынған.

Алаяқтар қалай әрекет етеді?

Киберқауіпсіздік мамандары анықтағандай, бұл схема бірнеше кезеңнен тұрады: алдымен Telegram қолданушыларына жаппай хабарлама келеді. Онда «кез келген жанрдағы электронды кітаптар бар», «үлкен кітап қоры қолжетімді» деген мазмұндағы ақпарат таратылады. Пайдаланушы қызығып, белгілі бір кітапты сұраған сәтте іске арнайы бот қосылады. Бот өзін кәдімгі кітап сервисі сияқты ұстап, сұралған кітаптың қысқаша мазмұнын, сюжет желісін сипаттап береді.

Алайда ең қауіпті сәт осыдан кейін басталады. Кітапты оқу немесе жүктеу үшін сілтеме берудің орнына, бот «арнайы қосымшаны орнату қажет» деген желеумен белгісіз файл жібереді. Файл орнатылған сәттен бастап алаяқтар смартфондағы құпиясөздерге, банк қосымшаларына, жеке хат алмасулар мен фотосуреттерге қол жеткізе алады.

Кейбір жағдайларда бұл зиянды бағдарлама телефонды толықтай қашықтан басқаруға мүмкіндік береді. Яғни, қолданушы өзі байқамай-ақ, жеке деректерінен, тіпті қаржысынан айырылып қалуы мүмкін.

Ішкі істер министрлігі, мұндай вирустар жасырын түрде жұмыс істейтінін, бір реттік SMS-кодтарды оқи алатынын, банк операцияларын бақылауға қабілетті екенін айтады.

«Ең қауіптісі — көп адам мұны бірден байқамайды. Қаражаттың шешілгенін немесе аккаунттардың бұзылғанын кеш түсінеді»,  делінген хабарламада.

Құқық қорғау органдары мұндай жағдайлардың жиілеп кеткенін айтып отыр. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі де бірнеше мәрте мәлімдеген. Ведомство өкілдері азаматтарды бейресми көздерден келген файлдар мен қосымшалардан барынша сақ болуға шақырады. Мамандардың сөзінше, интернеттегі «тегін» деген уәде — алаяқтықтың ең жиі қолданылатын тәсілдерінің бірі.

Тағы оқыңыз: Нәресте сүйгісі келетіндерге қолдау: перинаталдық орталықта консультативтік қабылдау жүріп жатыр

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *