Тайыншалықтар тасқын судан зардап шеккен Қызылжар ауданындағы Большая Малышка ауылының тұрғындарына көмектесті. Олар «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында сенбілік ұйымдастырып, су басқан баспаналарды қоқыстан тазартты, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Светлана Демиденко жұбайымен бірге сәуірдің 14-нен бастап қалада тұратын қызының үйін паналауда. Нақ осы күні олардың Большая Малышка ауылындағы үйіне су кірген.
«Біздің үйіміз жоғарыда орналасқан. Соған қарамастан биыл су кірді. Бұрын мұндайды көрмеп едік. Қайта баспанамыз өзгелерге қарағанда аса қатты зардап шеккен жоқ. Дегенмен, үй қамыстан салынғандықтан барлық суды тартып алыпты. Сондықтан су кетісімен-ақ жұбайыммен келіп, күнде артық заттарды шығарып, бүлінген жиһаздарды лақтырдық. Қазір үйді кептіріп жатырмыз», — дейді ауыл тұрғыны.
Ал бүгін оларға тайыншалықтар көмекке келген. Большая Малышка ауылында сенбілік ұйымдастырған олар қоқысты шығарып, үйдің маңайын тазалап жатыр.
«Осыған дейін барлық шаруаны күйеуім екеуіміз өзіміз тындырып келгенбіз. Еденді қопарып, су болған тақтайларын далаға шығарып кептірдік. Ал бүгін міне, Тайынша ауданынан адамдар келіп, бізге көмек көрсетуге ниет білдірді. Қуана келістік. Өйткені, әлі атқаратын жұмыс жетерлік. Сондықтан тайыншалық мехбригадаға алғысым шексіз», — дейді Светлана Демиденко.
Жалпы, «Таза Қазақстан» акциясы аясында Большая Малышка ауылында ұйымдастырылған сенбілікке Тайынша ауданынан 50 адам келген.
«Бүгін біз тасқын судан зардап шеккен Большая Малышка ауылының тұрғындарына көмек көрсету үшін арнайы келіп отырмыз. Өзімізбен бірге техника да ала келдік. Ол қоқыс шығаруға қажет. Сондай-ақ біз бүлінген үйлерді бұзып, су болған құрылыс материалдарын кептіруге көмектесіп жатырмыз. Бұдан бөлек, тасқын салдарынан бүлінген ауыл жолдарына қиыршық тас төседік», — деді Тайынша ауданы әкімінің орынбасары Азамат Сабыров.
Бүгін тайыншалықтар 10 шақты үйді қалпына келтіруге көмектеспек. Жұмыс көп. Сондықтан еңбек етуге келген адамдарды тамақпен қамту үшін олар өздерімен бірге қажетті азық-түлік алып келіп, жұмысшыларға палау пісіріп бермек.
Айта кетейік, мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» республикалық акциясы еліміздің барлық аймақтарында өткізілген болатын. Экологиялық шараға солтүстікқазақстандықтар да белсенді қатысты. Күні кеше дәл осындай сенбілікті Amanat партиясының мүшелері өткізген болатын.
Тағы оқыңыз: Оңтүстіктен солтүстікке: Петропавлда қоғам белсенділері көші-қон мәселесін талқылады