СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов көктемгі су тасқынына дайындықтың кешенді тексерісін жүргізу, қауіп-қатерлерді жан-жақты талдау және қажетті шараларды қабылдау мақсатында Тайынша ауданында кеңес өткізді. Жиында жауапты органдардың басшылары, сондай-ақ Тайынша, Аққайың, Ақжар және Уәлиханов аудандарының әкімдері атқарылған істер жайлы баяндады, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

Мұндай жиынның Тайыншада өтуі кездейсоқ емес. Былтыр еріген қар суы ауданды әбігерге салды. 23 үйді су басып, жол учаскелерін су шайып кетті. Ал кей жерлерде су жол төсемінен асып, жолдарды ашуға тура келді. Әрине, үйлері зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсетіліп, шығындары өтелді. Жолдар қалыпқа келтірілді. Бірақ биыл мұндай жағдай қайталанбас үшін ауданда ауқымды жұмыстар жүргізілуде.

Тасқынға дайындық: Тайынша ауданында бөгеттер нығайтылып жатыр

«11 ауыл мен Тайынша қаласында жалпы ұзындығы 32 шақырым болатын топырақ бөгеттері нығайтылды. Былтырғыдай жолдарды су шайып кетпес үшін 61 учаскіде су өткізгіш құбыр орнатылды. Аудан орталығында қосымша 24 құбыр төселіп, 7 шақырым су бұру арналары салынды», — деп баяндады Тайынша ауданының әкімі Берік Әлжанов.

Тасқынға дайындық: Тайынша ауданында бөгеттер нығайтылып жатыр

Сондай-ақ, аудан аумағындағы Зеленогай бөгетінде тексеріс жүргізілді. Қазір нысан 70% толық. Мамандар оның жағдайы қанағаттанарлық деп отыр. 4,5 мың тонна инертті материалдар дайындалған. Су тасқыны бола қалса, тұрғындарды көшіру үшін 25 эвакуациялық пункт әзірленді. Жан-жануарларды орналастыратын алты орын бар.

«Бүгіндері төтенше жағдай бола қалғанда әрекет ететін қызметтердің дайындығы да тексерілген. 163 адам мен 135 техника сақадай сай. Үш экскаваторды жалға алуға қаражат бөлінді. Жүзу құралдары, сорғылар, ассенизатор мен мотопомпалар бар. Мамандар арнайы су өткізбейтін костюмдермен қамтылған. Су тасқынына қарсы іс-шараларды жүргізуге қажетті 16,9 тонна дизель отыны, 2,5 тонна бензин бар. Қосымша тағы алу жоспарда бар», — дейді Берік Әлжанов.

Тасқынға дайындық: Тайынша ауданында бөгеттер нығайтылып жатыр

Жалпы, биыл аудандағы 12 елді мекенді су басу қауіпі бар. Мамандар 99 баспанаға су кіруі мүмкін деп болжаған. Бұл тізімге Донецкое, Черниговка, Красная Поляна, Доброжановка, Макашевка, Келлеровка, Кантемировское, Теңдік ауылы, Алабота, Ясная Поляна, Новоберезовка және Тайынша қаласы енген. Аталған елді мекендерде 279 адам тұрады.

«Олардың арасында 14 жүкті әйел, бір жасқа дейінгі 67 бала, I–II топтағы 53 мүгедек және 13 ауыр науқас бар. Алда-жалда төтенше жағдай бола қалса, осынша тұрғынды азық-түлікпен қамту үшін кәсіпкерлермен келісімшарт жасалған. Олар тауар жеткізуге дайын. Халықты дәрі-дәрмекпен қамту жағы да ойластырылды», — деді ол.

Су басу қаупі бар елді мекендерде жергілікті тұрғындармен жиындар өткізілді. Түсіндіру жұмыстары мықтап қолға алынған. Жадынамалар таратылып жатыр. Сондай-ақ ауданда төтенше жағдайлар жөніндегі комиссияның, су тасқынына қарсы штабтың отырыстары және аппараттық кеңестер үнемі өткізіліп тұратын көрінеді.

«Су тасқыны қаупі Тайыншадан бөлек, Аққайың, Ақжар және Уәлиханов аудандарында да сақталып отыр. Осыған байланысты аудан әкімдеріне көктемгі су тасқынына мұқият дайындалып, қажетті инертті материалдар мен техниканы дайындау тапсырылды», — деді жиынды қорытындылаған облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.

Тасқынға дайындық: Тайынша ауданында бөгеттер нығайтылып жатыр
Тасқынға дайындық: Тайынша ауданында бөгеттер нығайтылып жатыр

Тағы оқыңыз: Олжас Бектенов сарапшылармен бірге салық реформасын және цифрландыру арқылы салықтық әкімшілендіру мәселесін талқылады

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *