2026 жыл шығыс күнтізбесі бойынша Жылқы жылы болып саналады. Қамбар ата түлегін ерекше қастерлейтін қазақ халқы үшін жылқы – еркіндік пен өр рухтың, адалдық пен жігердің символы, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Қазақ ежелден өзін «жылқы мінезді халық» деп сипаттайды. Себебі жылқы – бауырмал, көмекшіл әрі кек сақтамайтын жануар. «Жылқы кісінескенше, адам түсініскенше» деген нақыл да осы түсініктен шыққан. Ат жалын тартып мінген ел үшін жылқы – тек көлік емес, тұтас мәдениет пен салт-дәстүрдің айнасы. Батырлар жырында тұлпар ер серігі ретінде суреттелсе, тұрмыста ат мінгізу – құрмет пен мәртебенің белгісі саналған. Бүгінде елтаңбадағы пырақ бейнесі де осы тарихи танымның жалғасы.
Этнограф, тарих ғылымдарының кандидаты Бабақұмар Хинаяттың айтуынша, Жылқы жылы елдік рух пен қозғалысқа, өзгеріс пен жаңаруға толы кезең ретінде сипатталады.
«Халық түсінігінде бұл жыл үлкен істер мен жауапты шешімдердің жылы саналған. Тіпті тарихта ірі жорықтар да Жылқы жылымен тұспа-тұс келгені айтылады», – дейді ол.
Ертеде ата-бабалар маңызды сапар, көші-қон, сауда және шаруашылық бастамаларын көбіне осы жылға жоспарлаған. Себебі Жылқы жылы – береке, еркіндік және өр мінездің жылы деп қабылданған.
Нумерологтар болса, 2026 жылдың саны – 1, ал ол жаңа жол мен бастаманың символы, дейді.
Олар жылдың стихиясы – от, яғни жылдамдық, динамика және үлкен өзгерістер. 2026 жылы әлемде де, Қазақстанда да үдерістер қарқынды өрбуі мүмкін, деп отыр.
2025 жыл шығармашылық пен мәдениет белсенділігімен ерекшеленсе, 2026 жылы спорт, денсаулық және белсенді өмір салты алдыңғы орынға шықпақ.
-
Қаңтар–ақпан – медициналық тексеруден өтуге қолайлы кезең;
-
Наурыз, сәуір, тамыз – баспана алуға ыңғайлы уақыт;
-
Мамыр – білім мен оқуға инвестиция салуға қолайлы ай.
Жылдың екінші жартысы отбасы құру мен жеке өмірдегі өзгерістер үшін сәтті жыл деп бағаланады.
Сонымен бірге, жыл түсі от стихиясына сәйкес қызыл деп аталады — бұл жігер мен күш-қуатты білдіреді.
Тағы оқыңыз: СҚО-да «Қауіпсіз жол! Назар аударыңыз — көктайғақ!» акциясы өтуде

