26 жыл трактор тізгіндеп, ауыл шаруашылығы саласының дамуына үлес қосқан Қазиза Кеңесбаеваға «СҚО-ның Құрметті азаматы» атағы берілді, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Тайынша ауданының тұрғыны Қазиза Кеңесбаева 1943 жылы Теңдік ауылында туған. Әкеден ерте айырылған ол анасына көмектесу үшін бастауыш сыныпты бітірісімен-ақ еңбекке араласады.
«Ауылда ерлер істейтін барлық жұмыс менің мойнымда болды. Оның үстіне бауырларыма қарайласатынмын. Содан тракторшыларды дайындайтын курсты аяқтап алдым. Анам бұған қарсы болды. Бұл әйел адам істейтін жұмыс емес деп ұрсатын. Десе де, мен көнбедім. Содан алғаш рет кабинасы жоқ тракторға отырдым. Бір-екі рет қалай жүргізу керек екенін көрсетіп, шөп шабатын алқапқа алып барды. Содан қасыма бір баланы ертіп, екеуміз шөп шаптық. Трактор ескі, сөніп қалса оны оталдыруға күшіміз де жетпейді. Сөйтіп жүріп талай ауыр техниканы басқаруды үйрендім», — деп Қазиза Кеңесбаева жастық шағын еске алды.
1986 жылы Қазиза Қожанқызы мәдени дәнді дақылдардың бейімді және жоғары сапасын алғаны үшін және ауыл шаруашылық техникаларын жоғары тиімділікпен пайдаланғаны үшін ҚСРО Мемлекеттік жүлдесінің иегері болды, бұл жүлде әлем қорына аударылды. Сонымен қатар ол әр жылдары Теңдік ауылдық кеңесінің депутаты болды. Осы аралықта жерлестеріне көмектесіп, игі істерімен көзге түскен.

«Білім алмасам да, депутат болып талай жерлерді араладым. Ауданымыздың біраз тұрғынына көмектестім. Баспанасыз жүрген талай жанның үй алуына жағдай жасадым. Жолымда кездескен әр адамға жол сілтеп, қолдауға тырыстым», — дейді еңбек ардагері.
Қазиза Қожанқызының ерен еңбегі біраз наградалармен бағаланған. Олардың арасында Еңбек Қызыл Ту ордені (1973), III дәрежелі Еңбек Даңқы ордені, II дәрежелі Еңбек Даңқы ордені (1981), ҚСРО Мемлекеттік жүлдесі лауреатының Дипломы (1986), Құрмет грамоталары мен алғыс хаттар бар. Бүгін солардың қатары тағы біреуімен толықты. Облыстық мәслихаттың шешімімен Қазиза Кеңесбаева Солтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы атанды.
«Қазиза Қожанқызы саналы ғұмырын ауыл шаруашылығы саласының дамуына арнады. Әжеміздің өңір дамуына қосқан үлесі зор. Сондықтан марапат өз иесін тапты деп ойлаймын», — деді марапатты табыстаған СҚО әкімінің орынбасары Қанат Дүзелбаев.
Бұл күні әжемізге өз құттықтауын жеткізушілердің қарасы қалың болды. Тайынша ауданының әкімі Қазиза Қожанқызына өзінің жылы лебізін арнап, 100 мың теңгенің ақшалай сертификатын табыстады.

Тағы оқыңыз: 15-ші желтоқсаннан бастап Петропавл – Астана арасында Тальго пойызы жүретін болады