Тайынша ауданында бұрынғы мемлекеттік қызметкерге қатысты тағы бір қылмыстық іс бойынша үкім шықты. Сәулет, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі мен автомобиль жолдары бөлімін басқарған Дмитрий Руденко бұл жолы аса ірі көлемдегі ұрлық бабы бойынша айыпты деп танылды, деп жазады Qazaqstan Media.

Дмитрий Руденко қазір «пара алды» деген айып бойынша түрмеде жазасын өтеп жатыр. Ол Тайынша ауданы әкімінің бұрынғы орынбасары Еркебұлан Дүйсенбин екеуі кәсіпкер Ваге Акопяннан пара алды деп сотталған еді. Экс мемлекеттік қызметкерлерді Петропавл қалалық соты жеті жылға түрмеге отырғызса, кәсіпкер 3,5 жылға сотталды.

Бір шенеунік, екі қылмыс

Ал мынау аудандық ТҮКШ бөлімінің бұрынғы басшысына қатысты екінші қылмыстық іс. Тергеу материалдарына сәйкес, 2023 жылдың күзіне қарай Руденко Тайынша ауданындағы әлеуметтік нысандарды жылумен қамтамасыз ету үшін жылу трассасын салуға бюджеттен қаржы бөлуді ұйымдастыруы тиіс болған.

«ТайыншаКоммунСервис» ЖШС  құрылыс жұмыстарын  төрт миллион теңгеге бағаланған. Алайда Руденко жеке компания – «СтройСметаKZ» ЖШС  арқылы басқа құжат жасатып, соманы 24 миллион теңгеге дейін өсірген.

Ол  «Рассвет» ЖК арқылы құрылыс қызметі туралы қағаз жүзінде ғана келісім жасаған. Тергеу саласының  айтуынша, 24 млн теңгені шешіп алып, оның төрт миллион теңгесін ғана шығындарды жабуға «ТайыншаКоммунСервис» ЖШС  бермекші болған.  Ал қалған 20 миллион теңге иемденіп алуға ниетті болыпты.

Аудан игілігі үшін…

Тайынша аудандық соты Руденконың бұл әрекетін саналы түрде жасалған қасақана қылмыс деп бағалады.

Айыпталушы кінәсін мойындаған жоқ. Керісінше, барлық шешімді ауданның игілігі үшін қабылдағанын айтты. Құрылысқа қажетті құрал-жабдықтар мен техника алынғанын мәлімдеді. Адвокат айыпты, қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды, деп қайта қарауды сұрады. Алайда сот бұл талапты қанағаттандырмады.

Тайынша аудандық соты Руденконы сегіз жылға бас бостандығынан айырды. Бұл мерзім бұған дейін Петропавл сотымен берілген жеті жылмен біріктіріліп, бір үкіммен тағайындалды.

Сондай-ақ ол өмір бойы мемлекеттік қызметте, жергілікті басқару және квазимемлекеттік секторда жұмыс істеу құқығынан айырылды.  Бюджетке келтірілген шамамен 16 миллион теңге көлеміндегі шығынды өтеуге міндеттелді. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Тағы оқыңыз: СҚО-ға Сенат және Мәжіліс депутаттары келді

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *