Тайынша ауданында күзгі егін жинау науқанына дайындық пысықталды

Тайыншаға жұмыс сапарымен барған Ғауез Нұрмұхамбетов аудандағы шаруа қожалықтарын аралады. Сонымен қатар, жергілікті ауыл шаруашылы өнімін өндірушілермен кездесіп, алдағы егін жинау науқанына дайындығын тексерді, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.

Облыс әкімі алдымен аудандағы «АМАНАТ» шаруа қожалығына барды. Бұл  қожалық мал шаруашылығымен айналысады. Мұнда жалпы  құны 500 миллион теңгенің инвестициялық жобасы жүзеге асырылып жатыр. Қазіргі уақытта 4,5 мыңға жуық ұсақ мал әкелінген. Тағы Қарағанды облысынан 600 бас алу жоспарланған. Шаруашылық басшысының айтуынша, олар қазір өнімдерін  Астанаға экспорттайды. Енді Катар мен Дубайға да жіберуді жоспарлап отыр. Аудандағы «Красная Поляна» елді мекеніндегі «Зеленые Луга» шаруа қожалығы да аумағын кеңейтіп жатыр. Кәсіпкер «Солтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы 700 млн теңгеге қаржыландырылды. Бүгінде қожалықта 790 ірі қара мал бар.

 «Қазір 400 басқа шақталған  жаңа ферманың құрылысы басталды. Қазіргі таңда мал төлдетуге арналған нысанның құрылысы аяқталуға жақын. Қыркүйек айының ортасында қолданысқа беріледі деп жоспарлап отырмыз», — деді «Зеленые луга» ЖШС директоры Юрий Красноголовый.

Кейінен облыс әкімі «Таң» шаруа қожалығындағы  тамшылатып суару әдісі арқылы  картоп өсіру технологиясын көрді. Биыл кәсіпкер картоптың  жеті түрін отырғызған. Серіктестік директорының айтуынша, нәтижесі күзде белгілі болады. Дегенмен, бірінші репродукцияның картобы қазірдің өзінде жақсы өнім беріп жатыр. 

«Суды жасанды қазаншұңқырдан аламыз. Әрине, өзен-көлдерден алсақ тіптен арзан әрі жақсы болушы еді. Бірақ, жанымызда ондай сулар жоқ», — деді «Таң» ШҚ директоры

Сондай-ақ Ғауез Нұрмұхамбетовке ауыл тұрғындарының жеке шаруашылықтарына қалай шөп дайындайтыны да көрсетілді. Николай Шмидт ірі қара мал мен шошқа ұстайды. Тұрғынның айтуынша, дайындаған шөбі қысқа артығымен жетеді.

«Соңғы үш жылда егін дұрыс шықпады. Қоралар бос тұрды. Биыл шөп көп. Арнайы сарайларды толтырып жатырмыз», — деді Николай Шмидт.  

Егін орағының басталуына аз қалды.  Алда келе жатқан күзгі дала жұмыстары қарсаңында аймақ басшысы аудандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен кездесу өткізді. Олар егін жинау науқанына дайындықтың қалай жүріп жатқанын және күтілетін өнім қандай екенін талқылады.

«Жоспар бойынша 125 мың гектар алқаптың 122 мыңынан шөп орылды.  Аудандағы шаруа қожалықтары жинап алған  жем-шөп қоры бір жарым жылға жетеді деп ойлаймын.Материалдық-техникалық база бойынша айтатын болсам бізде 750 комбайн бар, оның 460-ының өнімділігі жоғары. Күзгі дала жұмыстарына қажетті 1515 трактор, 1708 трактор тіркемесі бар.  Ораққа 11 мың тонна жанар-жағармай қажет», — деді Тайынша ауданының әкімі Берік Әлжанов.

Тағы оқыңыз: Ғ.Нұрмұхамбетов: «Биыл күзгі орақ науқаны қиын жағдайда өтеді»

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *