Үкімет елге қайтарылған заңсыз шығарылған активтер есебінен жүзеге асырылып жатқан жобаларға басымдық беріп отыр. Осы мақсатта Тайынша көпсалалы ауданаралық ауруханасын күрделі жөндеуді аяқтауға Арнаулы мемлекеттік қордан 1,3 млрд теңге бөлінді, деп жазады Qazaqstan Media.
Қазіргі таңда аурухананың техникалық базасын жаңарту және инженерлік желілерді жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Жоба аясында аудан тұрғындарына медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыру үшін МРТ аппаратына және заманауи клиникалық-диагностикалық зертханаға арналған мамандандырылған үй-жайлар ашу көзделген. Бұл зерттеулерді тікелей аудан орталығында жүргізуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар халықаралық триаж жүйесіне сәйкес қабылдау бөлімі ұйымдастырылады. Жобаға сәйкес, онда медициналық персоналдың кедергісіз кіру мүмкіндігі бар реанимациялық төсектер орнатылып, пациенттердің жағдайын жедел мониторингтеу қамтамасыз етіледі. Бұл шұғыл медициналық көмектің тиімділігін арттырып, қызмет көрсету сапасын жақсартуға бағытталған.
Жобаны іске асыру нәтижесінде Тайынша ауданаралық ауруханасы шұғыл және жоспарлы медициналық көмектің заманауи стандарттарына толық сәйкес келтіріледі.
ҚР Қаржы министрлігінің мәліметінше, Арнаулы мемлекеттік қор қаражаты есебінен елімізде 400-ден астам әлеуметтік және коммуналдық нысанға қатысты жобалар жүзеге асырылуда. Оның ішінде 183 жоба медициналық мекемелерге тиесілі. Жалпы бөлінген қаражат көлемі 482 млрд теңгені құрайды. Бұл бастамалардың бір бөлігі «Ауылдық денсаулық сақтау саласын жаңғырту» бағдарламасы аясында іске асырылып, алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысандарын, көпсалалы ауруханалар мен шұғыл медициналық көмек инфрақұрылымдарын салу және жаңарту жұмыстарын қамтиды.
Тағы оқыңыз:Баға мониторингі аясында 1 қаңтардан бері 600-ден астам сауда нысаны тексерілді

