Петропавлда Жаңа жыл түнінде 200-ден астам полиция қызметкері кезекшілік атқарады. Барлығы отбасымен мерекені тойлап жатқанда, олар қас қақпай тұрғындардың тыныштығын күзетпек. Сондай жандардың бірі көпбалалы ана – Назира Сейітзадина. 17 жылдан бері ішкі істер органдарында еңбек етіп жүрген полиция қызметкерімен Qazaqstan Media тілшісі тілдесті.
Назира Сейітзадина 2008 жылдан бастап ішкі істер органдарында еңбек етіп келеді. Ал екі жыл бұрын облыстық полиция департаментінің жедел басқару орталығына ауысқан. Ол мұндағы бейнебақылау жүйесі арқылы заң бұзғандарды анықтап, өзге тәртіп сақшыларға хабарлайды. Биыл Назира кезекшілік етіп, Жаңа жылды отбасымен емес, жұмыста әріптестерімен қарсы алады.
«Желтоқсанның 31-і кезекшілікке түсемін. Сосын қаңтардың бірі отбасыммен өзіміз дастархан жайып, Жаңа жылды қарсы аламыз деп шештік. Жұбайым және төрт балам бар. Олар түсіністікпен қарайды, мені қолдайды», — дейді СҚО ПД жедел басқару орталығының кезекші бейнебақылау инспекторы Нәзира Сейітзадина.
Бұл күні жедел басқару орталығында 7 адам еңбек етеді. Олар сағат тілі 12:00-ді көрсеткенде бір-бірін мерекемен құттықтап, кішігірім дастархан жаяды.
«Оның өзінде барлығымыз бірдей жұмыс орнымызды тастап кетпейміз. Кезек-кезек келіп, тәттілермен шай ішіп, әрі қарай жұмысымызды істейміз. Өйткені, біз үшін қызметіміз бірінші орында тұруы тиіс. Біз тұрғындардың алаңсыз демалуы үшін кезекшілік атқарамыз. Әдетте, мереке күндері бізге қоңырау шалушылар саны артады. Оған етіміз үйреніп кеткен. Кейде «102» нөміріне хабарласып, бізді Жаңа жылмен құттықтайтындар да бар», — деп еске алады Назира Сейітзадина.
Тағы оқыңыз: Ыңғайы келсе дастархан жайып, Жаңа жылды әріптестеріммен қарсы аламын — петропавлдық дәрігер