СҚО-қа жұмыс сапарымен сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев келді. Министр өңірдегі бірнеше кәсіпорынның жұмысымен танысып, кәсіпкерлермен тілдесті, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Облыстағы «Казмясопродукт» ЖШС 2005 жылы құрылған. Мұнда қазіргі таңда шұжық пен жартылай фабрикаттардың 130-ға жуық түрі шығарылады. Цехтың өзі жаңа автоматты қондырғылармен жабдықталған. Өндірісте 130-ға жуық адам жұмыс істейді. Кәсіпорынның Петропавлда 15-тен астам фирмалық сауда орны бар. Алайда нарықта шетелдік өнімдердің пайда болуы «Казмясопродукт» өнімділігіне деген сұранысты азайтқан.
«Біз бұрын айына жүз тонна өндіретін едік. Қазір өндіріс көлемі айтарлықтай азайды. Себебі Ресей мен Беларусь өнімдері көбейіп кетті. Олар бізге жақын жерде өздерінің фирмалық сауда орындарын да ашып жатыр. Міне, Казмясопродукт, оның жанындағы жерде беларусь өнімі сатылып жатыр», — деді «Казмясопродукт» ЖШС директоры Серік Ильясов
Шетелден әкелінетін шұжық өнімдерінің бағасы жергілікті өнімнен қарағанда әлдеқайда арзан. Сондықтан импорттық тауарлардың сапасын тексеру қажет деді министр.
Өңірге жұмыс сапарымен келген Арман Шаққалиев Петропавлдағы «Зенченко и К» сүт зауытының қызметімен де танысты. Кәсіпорын барлық өнімді өздерінде шығарады. Серіктестік директорының ең басты талабы тұтынушыларға сапалы өнім ұсыну. Кәсіпорын тәулігіне 130-140 тонна сүт өндіруге қауқарлы.
«Қазақстанда біздегідей сүзбе дайындайтын ешқандай серіктестік жоқ деп айта аламыз. Себебі, біз Астанадан мұндай өнім көрмедік. Дегенмен, Астанаға экспорттай алмаймыз. Себебі, сүзбені сақтау мерзімі тек 36 сағат. Біз оған ешқандай консерванттар қоспаймыз», — деді «Зенченко и К » ЖШС өндіріс директорының орынбасары Юлия Серяцкая.
«Зенченко и К» сүт зауыты өндірісті кеңейтуді жоспарлап отыр. Жақында мұнда тағы бір цех ашылады.
Тағы оқыңыз:Петропавлда аналар күні тойланды