Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері өңірге Түркістан облысынан келген ағайындылардан 1,5 келіден астам «синтетика» тәркіледі, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Петропавлда Түркістан облысының екі тумасы ұсталды. Олар есірткі сататын интернет-дүкендердің бірінде буып-түюші болып жұмыс істеді деген күдікке ілінді. 20 және 22 жастағы ағалы-інілі жігіттерді тінту кезінде олардан ішінде ұнтақ тәрізді зат бар 55 түйіншек тәркіленді. Күдіктілер пайдаланған жалдамалы пәтерден тәртіп сақшылары ұқсас заттар мен есірткіні өлшеуге, буып-түюге арналған құрылғыларды тапты. Сонымен қатар ағайындылардың бірі көрсеткен орындардан полицейлер осындай түйіншектер салынған пакет пен жол қапшық тәркіледі.
«Сараптама нәтижесі тәркіленген заттың жалпы салмағы 1,5 келіге жуық грамды құраған α-PvP және мефедрон есірткі екенін көрсетті. Бұл СҚО-да тәркіленген ең ірі партиялардың бірі. Есірткіні аса ірі мөлшерде сатпақшы болған күдіктілер қамауға алынды. Олар 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін», – деді СҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Руслан Сапаров.
Тағы оқыңыз: 9 желтоқсан — Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күні