СҚО жолдарын қыста күтіп ұстауға 2 млрд теңгеге жуық қаржы қажет

Солтүстік Қазақстанда қыс мезгілінде жолдарды күтіп ұстау үшін 1,9 млрд теңге керек. Бірақ барлық аудандарда мәселе шешілмеген. Үш ауданда әлі мердігер компаниялар анықталмаған, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.

Қазіргі кезде Айыртау, Аққайың және Мамлют аудандарында жолдарды қысқы уақытта күтіп ұстайтын компаниялар әлі анықталмаған. Қазір конкурс жүріп жатқан көрінеді. Оның қорытындысы бірінші қарашаға дейін жариялануы тиіс. Осы жылдың соңына дейін аудандық маңызы бар жолдарды күтіп ұстауға 211 млн теңге қажет. Ал 2025 жылға бір млрд теңге керек екен.

«Басқарманың балансында төтенше жағдайлар министрлігінің резервінен алынған, Қызылжар ауданында орналасқан бір шнекоротор бар. Қар кептелісі қаупі туындаған жағдайда техника бірден оқиға орнына жіберіледі. Сондай-ақ 2024 жылы арнайы техниканың екеуі аудан әкімдіктерінің балансына берілді. Бір шнекоротор Жамбыл және бір көлік Уәлиханов ауданында бар», — деді СҚО көлік және автомобиль жолдары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ерден Шортыбаев.

Қыс мезгілінде қауіпсіз жол қозғалысын қамтамасыз ету үшін бірқатар іс-шаралар жоспарланған. Жалпы облыста барлығы 863 км немесе 266 жол учаскесін қар алып қалу қаупі бар. Оның 131-і облыстық, ал 135 учаскесі аудандық жолдар. Ең қиын жағдай Айыртау, Есіл және Ғ. Мүсірепов аудандарында тіркеледі екен.

Жолдарда төтенше жағдайлар туындап, адам тағдырына қауіп төнген кезде 214 жылыту пункті көзделген. Ол әкімшілік ғимараттарда, әлеуметтік нысандарда ұйымдастырылды.

Былтыр көктайғақты жою үшін 10 тонна реагент және 15 тоннаға жуық тұз сатып алынды. Биыл 100 тонна химиялық қоспаны алу жоспарлануда. Бүгіндері жанар-жағармай толық дайындалған.  Ол — 175 тонна дизель отыны және 20 тонна бензин.

Нормативке сәйкес республикалық жолдарды күтіп ұстау үшін 138 қар тазалау техникасы қажет. Қазіргі уақытта филиалда 121 көлік бар. Оның ішінде 116 немесе 92% — ы дайындалған және жарамды күйде. Қалған техника 15 қазанға дейін жөнделеді.

Биылғы жылы филиалға алты жүк тиегіш, 18 жол машинасы, бір трактор және төрт автогрейдер берілді.

«Жыл соңына дейін екі автогрейдер алуды жоспарлап отырмыз. Бұл автогрейдерлер кейін қажетті учаскелерге таратылатын болады. Бұл Сергеевка, Рузаевка, Келлеровка, Талшық, Петропавл және Мамлют аудандары», — деп атап өтті «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ СҚОФ директоры Талғат Смағұлов.

Қазір жол учаскілерін қардан қорғайтын ағаш қалқандарды дайындау ұлғайтылған. Бүгінгі таңда 12 мыңнан астам метр ағаш және 1 960 метр темірбетон қалқандары дайындалды.

Тағы оқыңыз: Петропавлда тұрғын үй құрылысы бәсеңдеген

Please follow and like us:
Subscribe
Notify of
guest
0 комментариев
Oldest
Newest Most Voted
Inline Feedbacks
View all comments
0
Would love your thoughts, please comment.x
()
x