Мамлют ауданы Покровка ауылында тұратын Бахытжан Махаев 10 жасынан бері аттың құлағында ойнайды. Қазір азамат көкпар тартып, жас балаларды ұлттық спорт түріне баулып жүр. Qazaqstan Media тілшісі жылқыға жаны құмар тұрғынмен тілдесіп көрді.
Бахытжан Махаев Өзбекстан елінің тумасы. Солтүстік Қазақстанға мал шаруашылығын дамыту мақсатында 2016 жылы көшіп келген. Негізгі мамандығы – агроном. Дегенмен, азаматтың жаны бала кезінен жылқыға жақын. Бұған атасы мен әкесі себеп болған көрінеді.
«1981 жылы алғаш рет атқа міндім. Менің атам, әкем, ағам көкпар шапқан. Негізі ат үзілмеген. Тиісінше, үйде әрдайым жылқы тұрғасын біздің де қызығушылымыз оянды. Ақырындап ағамыздың артынан ертіп, шауып үйрендік», — дейді 52 жастағы тұрғын.
Бахытжан Махаев көкпардан ел біріншіліктерінің бірін қалдырмай қатысып отыруға тырысады. Былтыр Астанада өткен додадан жүлделі оралған. Сөзінше, спорттың бұл түрінде топ жару үшін ер адам шыдамды, батыл әрі шапшаң болуы керек.
«Көкпарға дайындалатын жігіт әрдайым атпен бірге болуы қажет. Яғни, 10 күн мініп 1 ай мінбеу жетістікке жеткізбейді. Жылқыға күн сайын мінсе, тақымы мықты болары анық. Атқа үйреніп, арада байланыс пайда болады. Мұның барлығы көкпар спортында маңызды рөл атқарады», — дейді Бахытжан Махаев.
Азамат, әсіресе, жаппай көкпарды ұнатады. Ол үшін қолындағы 2 жылқысын дайындап отырады. Бахытжан Махаев қазір білгенін кіші буынға да үйретіп келеді. Әзірге, 2-3 баланы ұлттық ойынға баулып жүр. Сөзінше, ұлдардың қызығушылығы бар, атқа бейім.
Тағы оқыңыз: СҚО-да білім беру саласында миллиондаған бюджет қаражатының ұрланғаны анықталды