Солтүстік Қазақстан облысының прокурорлары алиментті қасақана төлемеушілердің жасырын кірістерін анықтады. Бауыр еті баласына ақша берудің орнына алты борышкер букмекерлік кеңселердің табысын артырып келген, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының тапсырмасымен алимент төлемдері бойынша міндеттемелерді сақтау мәселесіне тексеру жүргізілді. Нәтижесінде кей тұрғындардың балаларына көп миллиондық қарызы бар бола тұра, букмекерлік кеңселерде құмар ойындарға үлкен ақша жұмсап, өз міндеттемелерін елемейтіні анықталды.
«Мысалы, 4,7 млн теңге мөлшерінде алимент бойынша берешегі бар борышкер, бір жыл ішінде 1xBet букмекерлік кеңсесіндегі өзінің аккаунтын жалпы сомасы 33,9 млн теңгеге траншпен толықтырып, көрсетілген кезеңде ұтыс нәтижесінде 14,8 млн теңгені алып шығарған. Сол сияқты, атқарушылық іс жүргізу бойынша тағы бір борышкер 1,8 млн теңге алиментін төлемей, екі жыл ішінде Olimpbet букмекерлік кеңсесінде 2,5 млн теңгесінен айырылған», — деп мәлімдеді облыстық прокуратураның баспасөз қызметі.
Алты борышкерге қатысты осындай фактілер анықталды. Олардың букмекерлік кеңселердегі операцияларының жалпы сомасы 56 млн теңгені құраған. Аталған фактілер бойынша ҚК-нің 139-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды, баптың санкциясы екі жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді.
Тағы оқыңыз: СҚО-да бопсалаумен айналысқан үш жігіт сотталды