СҚО тұрғындары мемлекетке 14 млрд теңгеге жуық қарыз болған

2024 жылдың басында солтүстікқазақстандықтардың мемлекет алдындағы қарызы 13,8 млрд болған. Бұл негізінен төленбей келе жатқан айыппұлдар. Ал алимент бойынша қарыз 261 млн теңгеден асады, деп жазады Qazaqstan Media.

Солтүстікқазақстандықтар мемлекетке қарыздарын қайтаруға асықпай отыр.  Бұл жағдай облыстық прокуратурада өткен ведомствоаралық кеңесте қарастырылды. Ол алдымен, жеке сот орындаушыларының сылбыр жұмысының салдары екен.

«Талаптардың уақтылы және толық орындалуына кедергі келтіретін заңдылықты өрескел бұзу анықталды. Олар өндіріп алушылардың құқықтарына нұқсан келтіреді. Кейбір жағдайларда жеке сот орындаушыларының әрекетсіздігі анықталды. Мысалы, 1,3 млн теңгені мемлекет кірісіне өндіріп алудың орнына, сот орындаушы «орындау мүмкін емес» деген сылтаумен құжатты кері қайтарған», -дейді облыс прокурорының орынбасары Әбу-Әли Саттар.

Жеке сот орындаушылары құжаттарды қайтарғанда, оның кірісі, яғни табыс көзі жоқтығын алға тартқан. Алайда аталмыш тұлға төрт жыл ішінде букмекерлік кеңседе 147 млн теңге жұмсаған. Осындай фактілер 74 атқарушылық іс жүргізу материалдарында анықталды.

Айта кетейік, облыстағы борышкерлер букмекерлік орындарда жалпы соммасы жарты миллиард теңгені қалдырған. Олардың ішінде тоғыз проблемалы айыппұл төлеуші де бар.

Сонымен қатар, тексеріс барысында прокурорлар сот орындаушылардың борышкерлерді қылмыстық немесе әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы ұсыныстарды есеп үшін ғана жіберетіндігін анықтады.

«Алимент өндіріп алу туралы актіні ұзақ уақыт орындамағаны үшін полиция департаментіне жіберілген материалды есептен шығаруға тура келді. Себебі, құжаттар толық болмаған. Атап айтқанда, борышкердің өндірісті қозғағаны туралы хабарламасы жоқ», — деді кеңес барысында Әбу-Әли Саттар.

Мұндай факті 14 іс бойынша анықталған. Сондай-ақ жеке сот орындаушылары қарызы бар 90 адамға шет елге шығуға тыйым салмаған.

Тағы оқыңыз: Сот СҚО-да Qnet қаржы пирамидасын құрғандардың апелляциялық шағымын қанағаттандырмады

Please follow and like us:
Subscribe
Notify of
guest
0 комментариев
Oldest
Newest Most Voted
Inline Feedbacks
View all comments
0
Would love your thoughts, please comment.x
()
x