Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері Петропавлда синтетикалық есірткі таратпақ болған екі азаматты ұстады. Олар тіпті есірткі зертханасын ұйымдастырмақ болған, деп жазады Qazaqstan Media.
Полицейлердің назарына 36 жастағы Астана қаласының тұрғыны мен 46 жастағы қарағандылық азамат ілікті. Олар Петропавлға синтетикалық есірткі тарату мақсатында келген.
Қызметтік іссапар барысында солтүстікқазақстандық жедел уәкілдер күдіктілердің Алматы облысындағы жалдамалы пәтерін анықтады. Онда күдіктілер синтетикалық есірткі өндіретін есірткі зертханасын ұйымдастыру үшін қажетті жабдықтар мен 90 келі прекурсорлар табылды.
«Алдын ала мәліметтер бойынша зертханада 18 келіге жуық есірткі өнімін шығармақ болған. Есірткі өндіруге жол берілмеді, күдіктілер Петропавл қаласына жеткізіліп, қамауға алынды. Қазіргі уақытта іс материалдары ақпараттық ресурстарды пайдалана отырып, адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен, аса ірі мөлшерде есірткіні заңсыз пайдаланған деген айып бойынша сотқа берілді. Олар 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін», — деді облыстық полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Руслан Сапаров.
Тағы оқыңыз: Қазақстанның қай өңірінде некелесу көп тіркелді?