Солтүстік Қазақстан бойынша тексеру комиссиясында облысқа бөлінген мемлекеттік активтер мен бюджет қаражатын пайдалану тиімділігіне жүргізілген аудиттің қорытындысы қаралды. Анықталған заңбұзушылықтар жетерлік, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Тексеру комиссиясы анықтаған заңбұзушылықтардың жалпы сомасы шамамен 10,9 млрд теңгені құрады. Соның тең жартысы бухгалтерлік баланстағы қателіктердің нәтижесінде орын алыпты.
«Бюджеттік қаражатты тиімсіз жоспарлау сомасы – шамамен 10,4 млрд теңге. Облыстық әкімдік 455 млн теңге мемлекеттік қаражат пен активтерін тиімсіз пайдаланған. Алайда, мұның барлығы тікелей материалдық шығын келтірген жоқ», – деді СҚО бойынша тексеру комиссиясының мүшесі Абзал Қарабеков.
Аудиторлар мәліметінше, әкімдік жасалған келісімшарттар бойынша міндеттемелерді орындамағаны үшін 709 мың теңге айыппұл төлеген.
Сонымен қатар, тексеру комиссиясы құжаттарды рәсімдеу кезінде 24 заңбұзушылықты анықтаған. Мамандар жергілікті әкімдікке 18 ұсыныс пен тапсырма берді. Анықталған бұзушылықтарды жою және жауапты тұлғалардың жауапкершілігін қарау бойынша нұсқамаларды айтты.
«Мемлекеттік аудит нәтижесі бойынша төрт лауазымды тұлға тәртіптік жазаға, ал бес адам әкімшілік жауапкершілікке тартыл&. Айыппұлдардың жалпы сомасы 629 мың теңгеден асып жығылады»,– деп толықтырды СҚО бойынша тексеру комиссиясының мүшесі Тимур Тұрсынов.
Аудит 2020 жылдан 2024 жылға дейінгі бесжылдық кезеңді қамтыды. Тексеру бес облыстық басқармада жүргізілді. Олар: қаржы, білім, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар, мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармалары.
Тағы оқыңыз: СҚО тұрғынын бұқа сүзіп, алты қабырғасын сындырған