Биыл СҚО колледждеріне оқуға түсуге төрт мың талапкер өтінім берген. Соның 3700 ғана грантқа түсіпті. Білім басқармасы мемлекеттік тапсырыс көлемі ұлғайтылғанын қалайды. Бұл мәселе облыстық қоғамдық кеңестің кезекті отырысында қаралды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Ағымдағы жылы облыста 3 мың 700-ден астам талапкер мемлекеттік тапсырыс бойынша колледждерге оқуға түскен. Олардың көбі техникалық мамандықтарды таңдапты. Конкурсқа 23 орта білім беретін оқу орны қатысқан. Бұл жайлы облыстық қоғамдық кеңестің кезекті отырысында білім басқармасы басшысының орынбасары Татьяна Протопопова айтты.

«Талапкерлер конкурсқа қатысу үшін «EGov» порталы арқылы өтінім берді. Ал үміткерлерді реттеу «Platonus» платформасы арқылы жүргізілді. Қыз-жігіттердің көбі «Мейіргер ісі», «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту», «Автомобильге техникалық қызмет көрсету» мамандықтарын таңдады. Мамандар талапкерлердің оқу үлгерімі мен жетістіктеріне қарап шешім шығарды. Көмекке мұқтаж және көпбалалы отбасылардың балаларына да ерекше көңіл бөлінді»,- деді Татьяна Протопопова.
Биыл облыс колледждеріне 4 мыңға жуық талапкер өтінім берді. 300 ұл-қыз грантсыз қалды. Білім басқармасы облыстық қоғамдық кеңес мүшелері мемлекеттік тапсырыс көлемін көбейтуге көмектескенін қалайды.
«Мен сіздерді түсініп тұрған жоқпын. Оқу жылы басталып кетті ғой. Неге кеш қимылдап жатырсыздар? Одан қалды, қарап отырмын қазіргі заманда ауадай қажет денсаулық сақтау және білім саласына 25-30 ғана грант бөлгенсіздер. Ал «Ара шаруашылығы» және «Туризм» сияқты мамандықтарға 125 талапкер түскен. Ал бұл салаларда жұмыс беруші кәсіпорындар аз. Осыдан да өңірде кадр тапшылығы жойылмай тұр. Сіздер ең алдымен соңғы аталған мәселені шешулеріңіз керек»,- облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Юрий Белоног.
Тағы оқыңыз: 22 жастағы қарағандылық жігіт мефедрон сату үшін Петропавлға келген