Ұлттық статистика бюросы қазақстандықтардың қанша жалақы алатындығы туралы мәліметтерді жаңартты. Оған сай елдегі орташа айлық жалақы 390 мың теңгені құраған, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Бюро таратқан мәліметте еліміздегі үш республикалық маңызы бар қала мен 17 өңірдің қайсысының халқы ең көп жалақы алатыны да көрсетілген. Өкінішке қарай, Солтүстік Қазақстан алғашқы ондыққа да кірмеген. Орташа айлық жалақысы 286 956 теңгені құрайтын солтүстікқазақстандықтар бар болғаны 17-ші орында тұр. Кейін Жетісу, Жамбыл, ал тізімнің ең соңына Түркістан облысы жайғасқан.
Бұл тізімде Атырау облысының халқы көш бастап тұр. Олардың жалақысы – 630 894 теңге. Екінші орында 570 233 теңге жалақы алатын маңғыстаулықтар тұр. Ал Ұлытаулықтардың орташа айлық жалақысы 515 543 теңгеге жеткен.
Ұлттық статистика бюросы Қазақстанда қай сала қызметкерлері ең жоғары жалақы алатындығын хабарлады.
«2024 жылдың үшінші тоқсанында ең көп жалақыны тау-кен өндіру және карьерлерді қазу өнеркәсібі (854 142 теңге), қаржы және сақтандыру қызметі (831 462 теңге), ақпарат және байланыс (673 345 теңге) салаларының қызметкерлері алған. Жарты миллионнан астам теңгені кәсіптік, ғылыми-техникалық қызметпен (593 349 теңге), өнеркәсіпте (560 826 теңге), сондай-ақ көлік және қойма шаруашылығымен (531 960 теңге) айналысатын жұмысшылар алды», — делінген Ұлттық статистика бюросы ұсынған ақпаратта.
Тағы оқыңыз: СҚО мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы тағайындалды