СҚО-дағы медициналық колледж кітапханасында 19-шы ғасырдың басында жарық көрген оқулықтар бар
Ж.Тілеулин атындағы СҚ жоғары медициналық колледжінің кітапханасы — білім мен ғылымның шынайы ордасы. Мұнда тіпті 19-шы ғасырда жарық көрген туындылар бар, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Студенттер мен оқытушыларға арналған түрлі пәндік оқулықтар мен әдістемелік құралдар жинақталған. Олар әртүрлі кезеңді қамтиды. Қазақ және орыс тілінде жазылған еңбектер ақпаратты жан-жақты игеруге зор мүмкіндік береді.
СҚО-дағы медициналық колледж кітапханасында 19-шы ғасырдың басында жарық көрген оқулықтар бар
«Жыл сайын колледж 300-ге жуық оқулықпен толығады. Жаңа кітаптар оқытушылардың өтініштері бойынша алынады. Әсіресе «Мейіргер ісі», «Акушер-гинеколог» мамандығына оқитын жастар үшін жыл сайын тың еңбектер қажет. Біз осыны назарға аламыз», — деді Ж.Тілеулин атындағы СҚ жоғары медициналық колледжі кітапханасының меңгерушісі Ирина Дегтярова.
Сонымен қатар, кітапханашылар «алтын қормен» де мақтана алады. Мұнда 50-ге жуық аса бағалы оқулық бар. Олар — медицинада сирек кездесетін әрі ескі кітаптар.
Тарихи жәдігерлер саланың қалыптасу жолынан сыр шертіп, болашақ мамандарға ғылымның тереңінен нұр шашады. Мәселен, сөредегі ең көне оқулықтың бірі — 1812 жылғы басылым. Еңбек балалар аурулары туралы жазылған.
«Онымен қоса, «Емдеудің жаңа тәсілі» атты 1896 жылы шыққан кітап бар. Мұнда сол кездегі дерттермен күрес жолдары жайлы жазылған. Ол көне орыс тілінде басылған. Қаншама уақыт өтсе де бұл оқулықтардың берері мол. Егер түптеп қарасақ, адамды емдеу ісінде негізінен препараттардың атауы ғана өзгеруде. Ал негізі ұғымдар сол қалпы қалған», — деді Ирина Дегтярова
Кітапханадағы оқулықтар онлайн форматта да бар. Бұл студенттер үшін өте қолайлы. Себебі, олар іздеген деректерді электронды нұсқада оңай таба алады. Жалпы, бүгінгі таңда медициналық колледждің кітапхана қоры 34 мың кітапты құрайды.