Биыл облыстық денсаулық сақтау саласын қаржыландыру 48% — ға ұлғайған. Осыған қарамастан өңірдегі ауруханалардың инфрақұрылымы 77,5% тозған, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Мұны бүгін облыс әкімі Ғ. Нұрмұхамбетов депутаттар алдында берген есебінде айтты. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында өңірде 46 медициналық мекеме салу жоспарланған. Биыл 8 нысанның құрылысы аяқталады. Ол — 5 дәрігерлік амбулатория, 2 — фельдшерлік-акушерлік пункт және 1 — медициналық пункт. Келесі жылы қалған 38 нысанның құрылысы басталмақ. Қазіргі уақытта Петропавлдағы «Береке» шағын ауданындағы және Кішкенекөлдегі емхананың құрылысы жалғасып жатыр. 2024 жылдың 1 тоқсанында 480 орынға шақталған көпбейінді облыстық аурухана құрылысын қайта бастау жоспарлануда. Облыстың ауруханаларына ангиограф, рентген сияқты медициналық аппараттарды сатып алуға 5,2 млрд теңге қаражат бөлінген.
«Ауруханалардағы инфрақұрылымдар жаңартылып жатқанымен қазіргі уақытта тозу 77,5% құрайды. Қыруар қаражат бөлсекте, проблема әлі шешілер емес. Сондықтан бізге бір амалын тауып осы мәселені шешу керек», — деді облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.