Петропавл қалалық соты тонналап күнбағыс, бидай және зығыр ұрлаған үш азаматқа қатысты үкім шығарды. Енді істің басты фигуранттары 5 жыл 6 айын темір тордың ар жағында өткізеді, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
Оқиға былтыр маусым айында тіркелген. Өңірге белгілі агроқұрылымдардың бірінің екі қызметкері алдын ала келісіп түнде кәсіпорын қоймасынан күнбағыс, бидай және зығыр дәндерін ұрлаған. Ол үшін серіктестік күзетшісіне астықты тиеу үшін кіреміз деп ескерткен. Осылайша, айыпталушылар 34 млн теңге шығын келтірген.
Іс Петропавл қалалық сотында қаралды. Мемлекеттік айыптаушы мен жәбірленуші тарап өкілдері әрбір айыпталушыға нақты бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
Ал сотталушылар кінәларын мойындамай, өздерін ақтауды сұрады.
Дегенмен олардың кінәсі жәбірленуші тарап өкілдерінің, куәгерлердің айғақтарымен және іс материалдарымен толық дәлелденген.
«Сот үкімімен сотталушылар кінәлі деп танылып, әрқайсысына 5 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сот үкім шығарарда олардың біреуінің жас баласының бар екенін ескерді», — делінген облыстық соттың баспасөз қызметі ұсынған хабарламада.
Ал серіктестік күзетшісі ақталып шықты. Өйткені, оның әрекетінде қылмыстық құқық бұзушылық құрамы анықталмаған.
Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.
Тағы оқыңыз: 10-шы маусымда СҚО-да дауылды ескерту жарияланды