СҚО-да 255,6 мың адам жұмыспен қамтылған. Бірақ әлі де жұмыссыздық статистикасы көңіл көншітпейді. Әсіресе, өндірісте білікті мамандар тапшы, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

СҚО-да 255 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған. Екі қолына бір күрек тапқан жандардың көбі білім беру саласында еңбек етеді. 2025 жылдың екінші тоқсаны бойынша өңірде жұмыссыздық деңгейі 4,4 пайызға дейін түсті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 0,2 пайызға төмен.

«Облыста IT, қаржы және мемлекеттік сектор мамандарына сұраныс жоғары. Алайда өндірістік кәсіпорындарда тәжірибелі кадрлардың тапшылығы байқалады. Нарыққа жұмысшы мамандар керек. Алайда, жастардың көбі гуманитарлық бағытты таңдайды»,- деді СҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ринат Елжасов.


Бүгінде облыста бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылып жатыр. Олар жүзеге асуы үшін еңбек ресурстарын тарту аса маңызды. Орташа есеп бойынша алдағы бес жылға 50 мыңнан астам жалдамалы жұмысшы қажет.

Ағымдағы жылы теріскейде сегіз мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды. Олардың көбі мына салаларда:
* ауыл шаруашылығы – 35%,
* сауда – 13%,
* құрылыс – 7%,
* өнеркәсіп – 5%.

«Білім беру мекемелерімен және кәсіпорын жанындағы оқу орталықтарымен бірлесіп 3 мыңнан астам жұмысшы маман дайындалып, дуалды оқытылды. Олар «Ұрпақтар келісімшарты», «Жастар практикасы» жобалары және мемлекеттік субсидия есебінен құрылған арнайы жұмыс орындары арқылы жұмысқа орналастырылды»,- деді басқарма басшысы.

Басқарма көші-қон бағдарламасы аясында өзге өңірлерден мамандарды тарту жұмыстарын белсенді түрде жүргізуде. Соңғы үш жылда облысқа 700-ден астам мұғалім, дәрігер және ауыл шаруашылығы саласының мамандары келді. Олар қазіргі таңда қалада да, ауылдарда да еңбек етуде. Қоныс аударушыларға тұрғын үй сатып алуға көтерме жәрдемақы мен субсидиялар төленді.

«Соңғы үш жылда облысқа 1925 отбасы немесе 6291 қоныс аударушы мен қандас келді. Біз бұл маңызды жұмысты тоқтатпаймыз»,- деді Ринат Елжасов.

Жергілікті әкімдіктің басты мақсаты — халықтың әл-ауқатын арттыру. Басқарма көмекке мұқтаж отбасыларды анықтау үшін «Отбасының цифрлық картасы» арқылы жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін пайдаланады.

Облыста 3507 адам жағдайы төмен ретінде тіркелген. Қуанышқа орай бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырған 23 пайызға төмен.

Тағы оқыңыз: СҚО-да «Сырымбет» қалайы кен орнын игеру жобасы 2028 жылы іске қосылады

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *