Петропавлда облыстың Құрметті азаматы Құдайберген Қалиевтің «Толағай» атты кітабының тұсауы кесілді. Туындыға ел ағасының жүріп өткен жолы, өңірдің дамуына қосқан сүбелі үлесі енген, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Тағылымы мол шараға зиялы қауым өкілдері, ардагерлер мен жас оқырмандар жиналды. Құдайберген Қалиев ортасында қашан да сыйлы. Оның ілкімді істерін үзеңгілестері мен ізін басқан інілері ұмытпайды.
«Құдайберген ағамыздың өмір жолы — жастарға үлгі. Оның ақылын естіп жүрген жандар ешқашан жаман болмайды. Мен де сол кісіден тәлім алдым, — деді СҚО ардагерлер кеңесінің төрағасы Ескендір Елеусізов.
Қарапайым агроном, шаруашылық басшысы, аудан басшысы, облыс әкімінің бірінші орынбасары. Азамат Тимирязев ауданында ұзақ жыл еңбек етті. Кітабына жұмыстағы естеліктер, замандастарының жүрекжарды лебіздері мен кейінгі буынға арналған ой-тұжырымдары еніпті.
«Менің ең басты мақсатым — жастарға өнеге беру. Ұрпақты жақсылыққа баулып, жаман жолға түспеуге шақыру. Бүгінгі кездесуге 40-қа жуық оқушының келіп отырғаны мені ерекше қуантты», — деді облыстың Құрметті азаматы Құдайберген Қалиев.
Қазіргі таңда кітаптың 300 данасы басылымға шыққан. Алдағы уақытта туынды білім беру мекемелеріне таратылады.
Тағы оқыңыз:

