Мемлекет басшысы 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. Бүгін облыстық әкімдік қабырғасында жыл қорытындыланып, аймақтың дамуына сүбелі үлес қосқан жандар мемлекеттік наградаға ие болды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
«Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында ауқымды жұмыс атқарылды, еңбек адамдарының еңбегі бағаланды. Кадр тапшылығы азайып, техникалық мамандықтарға түскен жастардың саны артты.

«Қазақстанның дамуы алдымен адал еңбектің, маңдай тердің және кәсіби жауапкершіліктің нәтижесі. Өңірдің өркендеуі, ел экономикасының нығайуы күн сайын өз ісіне шынайы берілген жұмысшы мамандардың арқасы. Еңбек адамына құрмет көрсету олардың қоғамдағы рөлін айқындау арқылы біз қоғам үшін адами капиталдың маңызын көрсетеміз», — деді СҚО әкімі.
Алқалы жиында 10 адам «Ерен еңбегі үшін» медаліне ие болды. Мемлекеттік марапатты оларға Президенттің атынан өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов табыстады. Талай жыл бойы төккен тер ақталды. Құрметке бөленгендердің арасында «Есіл су» филиалының бас механигі Тұрсынбек Шайсұлтанов та бар. Ол кәсіпорында 10 жылға жуық уақыт еңбек етіп келеді.

«Филиал облыс аудандарын толықтай сумен қамтамасыз етеді. Менің қарамағымда 200-ден астам техника мен 120-ға жуық адам бар. Біз құбырлар жарылып, қондырғылар істен шықса бірден жөндеуге міндеттіміз. Жұмысымыз оңай емес. Халықтың үмітін арқалап жүрміз. Сондықтан аянбай еңбек етеміз», — деді «Есіл су» филиалының бас механигі Тұрсынбек Шайсұлтанов.
Тағы оқыңыз: Биыл облыстық көпбейінді ауруханаға 2,6 млрд теңгеге 57 қондырғы сатып алынған

