Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданында жүк көлігінің жүргізуші рөлге ие бола алмай қалған. Салдарынан көлік аударылып, екі адам кабинада қысылып қалған. Оларды құтқарушылар әрең дегенде алып шықты, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
Жол апатына түскен азаматтардың өмірі үшін Айыртау аудандық ауруханасының дәрігерлері күресуде. Себебі, екі науқас та бірнеше ауыр дене жарақатын алған. Тіпті біреуінің жағдайы «аса ауыр» деп бағаланып отыр.
«2002 жылы туған науқастың жағдайы аса ауыр. Жансақтау бөілімнде, өпкені жасанды желдету аппаратына қосылған. Облыс дәрігерлерімен кеңесе отырып, емдеу жүріп жатыр. Көптеген жарақаттары бар. Оның миы шайқалып, жабық бас-ми жарақатын алған. Жамбас сүйегі сынып, іші мен несепағар жолдары зақымданған. Толық көлемде ем көрсетіліп жатыр», — деді аудандық аурухана дәрігерлері.
Жол апатында зардап шеккен екінші ер адамның да жағдайы ауыр. 1972 жылы туған азаматтың да миы шайқалған. Қабырғалары сынған, соның салдарынан өкпесі зақымданып, ауа жиналған. Оң аяғының жіліншік сүйектері, оң жақ бұғана сүйегі сынған. Қазіргі таңда толыққанды ем қабылдап жатыр.
Екі науқасты да басқа жерге апару тек жағдайлары тұрақталған соң ғана мүмкін болады.
Ал құтқарушыларға оқиға туралы куәгерлер хабарлаған. Жол апаты Шалқар көлінің маңындағы демалыс орындарының біріне жақын жерде орын алды. КамАЗ көлігінің жүргізушісі рөлге ие бола алмай қалған. Нәтижесінде көлік аударылып, ішінде отырған жүргізуші мен жолаушы кабианада қысылып қалды.
«Құтқарушылар гидравликалық авариялық-құтқару сайманның көмегімен қираған көліктен зардап шеккендерді шығарып алды», — деп хабарлады СҚО ТЖД баспасөз қызметі.
Тағы оқыңыз: Петропавл ЖЭО-2 аумағында жұмысшы биіктен құлап, жарақат алды