СҚО-да жыл басынан жол-көлік оқиғаларының салдарынан 23 адам қаза тапқан. Қайғылы оқиғалардың басым бөлігі республикалық маңызы бар автожолдарда болыпты, деп хабарлайды, Qazaqstan Media.
Солтүстікқазақстандық полицейлер жол апаты жиі тіркелетін қауіпті учаскелерде профилактикалық жұмысты күшейтті. Жайсыз жайттардың басым бөлігі жылдамдықты шамадан тыс асыру салдарынан орын алады. Бұл тәртіп сақшылары тұрақты түрде жүргізіп отыратын талдау кезінде анықталған.
Тәртіп сақшылары апаттың алдын алудың жаңа тәсілдерін іздестіруде. Олар республикалық маңызы бар автожолдардың қауіпті тұстарында, яғни бұрылыстарда, орман алқабы мен жолға таяу орналасқан жерлерде жүргізушілерді тоқтатып, түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Осындай учаскелердің бірі — Аққайың ауданына қарасты Астраханка ауылы маңы екен.
Профилактикалық шара «Заң және Тәртіп» тұжырымдамасын нығайту мақсатында өткізіліп жатыр. Полицейлер аталған жұмысты тұрақты түрде қолға аламыз дейді.
«Жыл басынан облыста 308 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Өкінішке қарай, салдарынан жиырма үш адам қаза тауып, 419 адам түрлі дене жарақатын алды. Он бес қайғылы оқиға республикалық маңызы бар жолдарда болды»,- деді СҚО ПД баспасөз қызметі.
Тағы оқыңыз: Мамлют ауданына жоңышқадан тақта өндіретін зауыт ашылады