Солтүстік Қазақстанда өткен алты айда желшешек ауруының 725 жағдайы тіркелді. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда үш есе аз, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Желшешек – жіті инфекциялық ауру. Көбіне балалар сырқаттанып, кейін иммунитет қалыптасады. Инфекцияның қайталануы өте сирек кездеседі.
Ал ересектер желшешекті жұқтырған жағдайда ол әлдеқайда ауыр өтеді, дене қызуы қатты көтеріліп, бас ауырады, жүйке жүйесі бұзылуы мүмкін. Асқынған жағдайда ішкі органдар мен мидың зақымдануына – пневмония, энцефалит, гепатитке әкелуі мүмкін. Тіпті кейде соңы өліммен де аяқталады екен.
«Желшешек ауруы басталғанда сырқаттың дене қызуы 37,5 ℃-тан 39℃ дейін күрт көтеріледі, басы ауырады. Желшешекке тән белгілер – денеге бөртпе шығып, қышиды. Желшешектің қызылша, қызамық, скарлатина бөртпелерінен айырмашылығы, ол тек теріде және шырышты қабаттарда ғана емес, бас терісінде де пайда болады. Дене температурасы әдетте 3-5 күнде қалыпқа келеді, ал бөртпедегі қотыр 7-14 күннен кейін түсе бастайды. Науқас бөртпе шыққаннан кейін 10 күн өтісімен сауыға бастайды», — деді облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Арман Күшбасов.
Инфекция ауру адамнан ауа тамшылары арқылы жөтелгенде, түшкіргенде, сөйлескенде таралады. Сондықтан науқас пен сау адамдар арасындағы байланысты шектеу өте маңызды. Вирус жүктілік кезінде анадан балаға берілуі де әбден мүмкін.
«Желшешекпен ауырған науқас теріге бөртпе шығардан 20-24 сағат бұрын және соңғы везикула-бөртпе пайда болғаннан кейін 5 күн бойы ауру жұқтыруы мүмкін. Инкубациялық кезең 21 күнге дейін созылады.
Егер отбасында біреу ауырып қалса, міндетті түрде дәрігерді шақыру керек. Асқынуға жол бермей, ем алған жөн. Ал алдын алу үшін науқаспен байланысты шектеп, оған жеке ыдыс-аяқ, төсек-орын, гигиеналық керек-жарақ бөлу керек. Киімдері мен төсек-орындарын бөлек жуып, үй-жайды жиі жуып және желдетіп отыру қажет», — дейді Арман Күшбасов.
Тағы оқыңыз:СҚО-да тасқыннан зардап шеккен 50 кәсіпкер өтемақы алудан бас тартты