Солтүстік Қазақстанда соңғы аптада жіті респираторлық вирустық инфекцияны жұқтырғандар саны сегіз пайызға өсті. Дерт әсіресе балалар арасында өршіп тұр, 2403 жағдай тіркелді, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
Соңғы аптада Солтүстік Қазақстан өңірінде 3655 адам ЖРВИ жұқтырып, тіркеуге алынған. Оның 2403 жағдайы 14 жасқа дейінгі балаларарасында анықталып отыр. Өткен аптамен салыстыратын болсақ, өсім бар. ЖРВИ-мен науқастанғандардың саны сегіз пайызға артқан. Ал тұмау тиіп ауырғандар жоқ. Солтүстік Қазақстан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, тұмаудың соңғы жағдайы наурыз айында тіркеліпті.
«Маусымдық тұмаудың алдын алудың ең тиімді әдісі-вакцинация. Ол тұмауға қарсы ерекше иммунитетті тудырады, тиімділігі жоғары. Денсаулығыңызға қамқорлық жасаңыз, тұмауға қарсы екпе алыңыз. Тұмау, ЖРВИ, КВИ ауруларының алдын алу үшін мынадай алдын алу шаралары ұсынылады: үй-жайларды үнемі желдетіп отыру, қолды өңдеу үшін антисептикалық құралдарды пайдалану, ауру адамдармен байланысты шектеу, ауру белгілері бар адамдармен байланыста болған кезде бетперделерді пайдалану, уақтылы медициналық көмекке жүгіну», — деп кеңес береді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің қызметкерлері.
Жыл басынан осы күнге дейін өңірде коронавирус инфекциясын жұқтырудың 54 жағдайы анықталған. Ең көбі Петропавл қаласы тұрғындары арасында тіркеліп отыр-25 жағдай. Аудандар арасында М. Жұмабаев ауданында жеті адам КВИ жұқтырған. Мамлют, Аққайың, Ғ. Мүсірепов, Тайынша, Қызылжар және Айыртау аудандарында да короновирус инфеккциямен науқастанғандар тіркелді. Бұл тізімге Есіл, Тимирязев, Уалиханов аудандарында да қосуға болады.
Тағы оқыңыз: Қазақстанда АЭС салу бойынша референдум қандай жағдайда өтті деп есептеледі