Солтүстік Қазақстан облысының прокурорлары жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалардың құқықтарын қорғады, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Облыстық прокуратураның баспасөз қызметінің хабарлауынша, заң бұзушылықтар Айыртау, Мамлют, Ақжар аудандарында тіркелген. Мысалы, бүгіндері Айыртау ауданындағы балаларды қолдау орталығында ата-анасының қамқорлығынсыз қалған алты бала тәрбиеленуде. Олардың барлығының Лобанова ауылында орналасқан тұрғын үйде үлесі бар екен. Алайда уәкілетті орган ұзақ уақыт бойы мүлікті басқару және бақылау шараларын қабылдамаған. Нәтижесінде 2024 жылдың тамызынан бастап аталған тұрғын үйде бөгде адамдар тұрып келген.
Мұндай бассыздық Мамлют ауданында да тіркелген. Мұнда жетім балаларға арналған екі коммуналдық пәтер басқа адамдарға берілген.
«Ал Ақжар ауданындағы балаларды қолдау орталығының тәрбиеленушісіне әкесі қайтыс болғаннан кейін жер үлесі тиген. Ол облыстағы ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының бірінің жарғылық капиталында болған. Және жыл сайын кәмелетке толмаған баланың банк шотына әлеуметтік көмек (пайлық дивидендтер) түсіп отырған. Бірақ тиісті бақылаудың жоқтығынан 2024 жылы төлемдер баланың шотына түспеген. Қабылданған қадағалау шараларымен жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың бұзылған құқықтары қорғалды», — деп хабарлады облыстық прокуратураның баспасөз қызметі.
Тағы оқыңыз: Жыл соңына дейін тайыншалықтардың 90 %-ы ауыз сумен қамтамасыз етіледі