Петропавлда «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» атты өңірлік коалициясы құрылды. Ол Солтүстік Қазақстан облысындағы қоғамдық-саяси ұйымдардың өкілдерін біріктірді, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Коалиция құрамына 60-қа жуық адам енді. Олардың қатарында саяси партиялардың аймақтық филиалдары, мәслихат депутаттары, қоғамдық бірлестіктер, сарапшылар қауымдастығы мен жастар ұйымдарының өкілдері бар.
Ұйымнығ басты мақсаты – жаңа Конституция жобасы мен алдағы республикалық референдумға қатысты ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде ұйымдастыру. Жетекшісі Владимир Бубенко жаңадан құрылған алаңның өңір тұрғындарымен ашық диалог форматында жұмыс істейтінін жеткізді.
«Конституция – мемлекеттің құқықтық жүйесі мен стратегиялық даму бағытының негізі. Біздің міндет – ұсынылып отырған өзгерістерді азаматтарға түсінікті әрі қолжетімді түрде жеткізу. Сонымен қатар, мазмұнды талқылау ұйымдастырып, кері байланыс орнату», – деді ол.
Кездесу барысында қатысушылар Ата заң елдің ұзақ мерзімді дамуын айқындайтын маңызды құжат екенін атап өтті. Сондай-ақ оның нормаларын жан-жақты әрі объективті түсіндірудің маңыздылығына ерекше назар аударылды. Осыған орай өңірдегі қоғамдық-саяси институттардың күшін біріктіру қажеттігі айтылды. Жақын уақытта коалиция еңбек ұжымдарымен, сарапшылар қауымдастығымен және ауыл тұрғындарымен бірқатар кездесулер өткізуді жоспарлап отыр.
Тағы оқыңыз: СҚО-да былтыр жастарды қолдауға 100 млн теңгеден астам қаржы бөлінген

