Солтүстік Қазақстанда жас ұстаздар дәстүрлі «Дебют» конкурсына қатысып жатыр. Ол — еңбек жолын енді бастаған педагогтардың шығармашылық әлеуетін арттырып, олардың кәсіби шеберліктерін шыңдауға бағытталған, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
Облыстың 41 жас мұғалімі байқауға қатысуға ниет білдірген. Ол екі кезеңнен тұрады. Біріншісі, ашық сабақ өткізу болса, екіншісі, өз жобасын қорғап шығу. Қазір Петропавл қаласының мектептерінде аудандардан келген ұстаздар сабақ өткізіп жатыр. Солардың бірі – Виталий Шеминг. Ол Есіл ауданы Покровка орта мектебінде тарих пәнінен сабақ береді. Бүгін ол жетінші сынып оқушыларына Наполеон туралы айтпақшы.
«Бізге байқау шарты бойынша 20 минут беріледі. Осы уақыт арасында біз балалармен байланыс орнатып, тақырыпты түсіндіріп, ашып, қосымша жұмыс істеп үлгеруіміз керек. Менің ойымша, бұл жас маман үшін жақсы сынақ. Себебі, бұл оқушыларды мен бірінші рет көріп тұрмын. Бірақ, өзімнің біліктілігім мен білімімді дәлелдеп шығуым керек. Алған тақырыбым да қызықты деп есептеймін. Тарихи тұлғаның жеңістерімен істеріне емес, өмір жолына, жеке басына нақты тоқтаталатын боламын», — дейді жас ұстаз.
«Дебют» конкурсына мектеп педагогтары ғана емес, мектепке дейін білім беретін және техникалық-кәсіби білім беретін мекемелердің қызметкерлері де қатысып жатыр. Биыл конкурста бақтарын сынап көрмекші болған ұстаздар саны артқан.
«Байқау барысында ұстаздар тәжірибе алмасады, сабақтарға инновациялық жобаларды енгізеді. Жас мамандар балалармен жұмыс істеуде өздерінің әдістемелерін қолданады. Оларға арнайы тақырып берілген жоқ. Оқу жоспарына сай беріледі. Конкурсқа еңбек өтілі бес жылдан аз педагогтар қатысады. Жылдан-жылға қатысамын деп ниет еткен жас мұғалімдердің қатары артып келеді. Барлық пән бойынша қатысушылар бар», — деді әдістемелік орталық директорының орынбасары Айгүл Мұхмедғалиева.
Тағы оқыңыз: СҚО-да теміржолшы пойыз астына түсіп, екі аяғынан айырылды