Жамбыл ауданында зейнеткер орманда саңырауқұлақ теріп жүріп, адасып кеткен. Оны учаскелік полицей тұрып жатқан ауылынан он шақырым жерден тауып алған, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Жамбыл ауданы Троицкое ауылының тұрғыны жақын маңайға саңырауқұлақ теруге шыққан. Бірақ аталған елді мекенде өмір бойы тұрса да жолынан жаңылып, адасып кеткен. Үйіне келмеген жұбайын уайымдаған азамат учаскелік инспектор Қайрат Бәкеевке хабарласыпты.
Кезекші топ пен ауыл тұрғындары жұмылып зейнеткерді іздеген. Топтың құрамында Қайрат Бәкеевтен басқа аудандық ПБ криминалдық полиция бөлімшесінің бастығы Жоламан Әубәкіров те болды.
Жергілікті тұрғындар мен полиция қызметкерлерінен жасақталған топ аумақты түгелдей аралап шықты. Іздеу жұмыстары шамамен үш сағатқа созылды. Кешке қарай майор Әубәкіров зейнеткердің даусын естіп, орманнан алып шықты. Нәзікжанды ауылдан 10 шақырым жерге алыстап кетіпті.
«Облыстық ПД тұрғындарға табиғат аясына шыққанда барынша сақ болуды, бөлінбей бірге жүруді сұрайды. Азаматтар алдын ала бағдар белгілеп, өзімен әрдайым телефон алып жүруі тиіс»,- делінген облыстық ПД баспасөз қызметінің хабарламасында.
Тағы оқыңыз: Петропавлдағы ЖЭО-дағы жаңа мұржа 30-шы қыркүйекте іске қосылады