СҚО-да ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіден заңсыз алынған жер учаскесі қайтарылды. Оны бір жыл бұрын әкімдіктегілер мемлекет мұқтажы үшін қажет деп алып қойған, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, өткен жылдың соңында Есіл ауданының әкімдігі кәсіпкерден 290 гектар жер учаскесін алып қою туралы қаулы шығарады. Олар бұл алқапты Петровка ауылының тұрғындарын жайылымдық жермен қамтамасыз ету үшін бермек болған.
«Петровка ауылының тұрғындары жиналыс өткізіп, жайылым және шабындық алқаптардың жетіспеушілігі мәселесін көтереді. Сол жиынның хаттамасы негізінде кәсіпкерден жерді алып қою туралы қаулы шығарылады. Алайда, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңның нормаларына сәйкес, жер учаскелерін алып қою немесе жер учаскесін жалға алу мерзімдерін тоқтату туралы мәселелерді қарау жергілікті қоғамдастық жиындарына бекітілмеген», — делінген СҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің хабарламасында.
Кәсіпкер өз құқығын қорғау үшін СҚО Кәсіпкерлер палатасына жүгінген. Онда ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментімен бірлесіп сот органдарына талап арыз дайындау бойынша консультативтік көмек көрсетілді. Алайда, Есіл ауданының әкімдігі СҚО мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының шешімі шыққанға дейін алдын ала әрекет етіп, жер учаскесін мәжбүрлеп иеліктен шығаруды бастау туралы қаулының күшін жойды.
Тағы оқыңыз: Елімізде әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға көңіл бөлінуде