СҚО полицейлері заңсыз алкоголь өнімдерін өндіретін цехты анықтады. Спирттік ішімдікті 34 жастағы петропавлдық қоймада әзірлеп келген, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлеріне акцизсіз алкогольді заңсыз сақтау фактісі туралы ақпарат келіп түскен. Мәліметті тексеру үшін тәртіп сақшылары облыстық экономикалық тергеу департаментінің қызметкерлерімен бірлесіп белгіленген жерге барған. Петропавлдың 34 жастағы тұрғынына тиесілі қоймадан құрамында спирті бар контрафактілі өнім шығаратын цех анықталды.
«Үй-жайдан жалған акциздік маркалары бар 660 бөтелке, құрамында спирті бар жалған өнімі бар 44 бес литрлік пластикалық бөтелке, 11 бес литрлік таза спирт бөтелкесі, акциздік маркалар, шыны ыдыстар, 200 литрлік бөшке, спиртометр және басқа да жабдықтар тәркіленді», — деп хабарлайды облыстық ПД баспасөз қызметі.
Аталған факті бойынша жиналған материал СҚО бойынша экономикалық тергеу департаментінің қызметкерлерімен сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді.
Тағы оқыңыз: СҚО-ның туристік аймағында демалыс құны қанша?