Солтүстік Қазақстан прокурорлары ветеринария саласындағы былықтарды анықтады. Құқықбұзушылықтар Уәлиханов, Айыртау, Ғ.Мүсірепов, Шал ақын және Мамлют аудандарында тіркелді, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Әрқайсына жеке-жеке тоқталсақ. Мысалы, Уәлиханов ауданы ветеринария бөлімінің қызметкерлері басқармаға жалған есеп берген. Дәлірек айтсақ, малдарға беретін екпе санын 10 мың басқа артық көрсеткен. Сонымен қатар, аталған аудандағы Қаратерек ауылында өлген жануарды көметін орынның тиісті деңгейде ұсталмағаны да анықталды.
Ал Айыртау, Ғ. Мүсірепов, Шал ақын және Мамлют аудандарында ветеринариялық қызметтер кәсіпкерлерге балық өнімдерінің тектілігін растайтын құжаттарсыз анықтамалар берген. Қызылжар ауданындағы мамандар болса, биыл алдын ала тексеру жұмыстарынсыз-ақ бейінді басқармаға 30-дан астам құжат тапсырған.
«Прокурорлық қадағалау актілері негізінде 15 лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды. Ветеринариялық анықтамалар мен мал көметін орындарға қатысты анықталған бұзушылықтар жойылды», — делінген СҚО прокуратурасының хабарламасында.
Тағы оқыңыз: Қазақстанда шопан мен малшылар зейнетке ерте шығуы мүмкін

