Петропавлда педагогтер арасында арнайы семинар өтіп жатыр. Оның барысында ұлағатты ұстаздар қазақ тілі бойынша оқытудың жаңа әдіс-тәсілдерін үйреніп, тәжірибе алмасады, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Сол арқылы мектепалды даярлық және бастауыш білім беру сыныптарындағы бүлдіршіндер қазақ тілін терең үйренеді. Игі іс-шара «Тіл мұрасы» бастамасы аясында іске асып отыр. Облыстық білім беру басқармасы мақұлдаған жоба барысында биыл 100-ге жуық жиын өткізу жоспарланып отыр.
«Тіл мұрасы» жобасы қазақ тілін күнделікті өмірде жиі қолданып, бір-бірімен еркін қарым-қатынас жасауға бағыталған жоба. Бүгінгі іс-шараға облысымыздың бастауыш білім беру сыныптарының, мектепалды даярлық сынып тәрбиешілері қатысуда», — СҚО білім басқармасының «Әдістемелік орталық» КММ әдіскері Балерке Сәдуақасова.
Семинарда мұғалімдерге Райса Абуева тәлімгерлік етті. Нәзікжанды С. Шаймерденов қалалық классикалық гимназиясында тер төгіп келе жатқанына ширек ғасырдан асқан. Былтыр оқытушы ел бойынша жылдың үздік педагогы атанды.
«Гимназиядағы өзімнің кредом — саналы ұрпақ тәрбиелеу. Сол жұмысымның арқасында былтыр 3 этаптан тұрған «Үздік педагог» сайысына қатысқан болатынмын. Қалалық кезең болды, облыстық, одан кейін — республикалық. Сол барлық кезеңдерден өтіп жеңімпаз атандым», — деді ұстаз.
Бұл семинарға өңірдегі барлық мектепалды даярлық және бастауыш білім беру сыныптарындағы мұғалімдер қатысты. Айта кетейік, өткен жылы «Тіл мұрасы» жобасы аясында 90-ға жуық іс-шара өтті. Бұл арқылы көптеген маман шеберлігін шыңдады. Енді келесі кезекте Есіл ауданында тағы бір семинар өтеді деп жоспарланып отыр.
Тағы оқыңыз: СҚО-да жалған құжатпен елге кірген азамат анықталды

