Петропавлда спорттық акробатика мен батуттық гимнастика бойынша Халықаралық турнир және СҚО ашық чемпионаты басталды. Турнирге 200-ге жуық жас қатысуда, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Турнир Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген жаттықтырушысы, өңірімізідегі спорттық акробатиканың негізін қалаған Анатолий Ямпольскийдің құрметіне ұйымдастырылып отыр. Биыл дәстүрлі сайыс 3 елден келген 200-ге жуық спортшының басын қосты.
«Бүгінгі турнирге Ресей, Өзбекстан елінің 4 шаһарынан және Қазақстанның 7 қаласынан спортшылар келді. Жарыс екі күнге жоспарланып отыр. Сайыстың басты мақсаты — жас гимнасттар мен акробаттардың тәжірибе алмасып, дамуы», — деді турнирдің бас төрешісі Андрей Ямпольский.
Бүгінгі турнирде Қарағанды қаласынан келген Полина Носова мен Амира Қамидолла бақ сынады. Екі жас сайысқа біраз уақыт дайындалған. Олардың ұсынған акробатикалық бағдарламалары төрешілердің көңілінен шықты.
«Бұл жарысқа біз 2 ай дайындалдық. Біздің бағдарламамыз қатты қиын болды деп айта алмаймын. Бірақ өнеріміз төрешілердің көңілінен шықты. Жалпы, мен 5 жасымнан бері акробатикамен айналысамын. Бұл спорт түріне мені әпкем ертіп келді», — деді Полина Носова.
Сайыс барысында өңір намысын 42 спортшы қорғайды. Оның қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлерге медальдар табыс етіледі.
Тағы оқыңыз: Тайынша ауданында полицейлер 28 азаматқа несиеден ерікті түрде бас тарту қызметін қосып берді

