Солтүстік Қазақстан облысының қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде сотталған азаматтарға құқықтық және әлеуметтік көмек көрсету мақсатында «Бірлескен қабылдау» атты ведомствоаралық акция өтті. Іс-шараны облыстық прокуратура «Заң және Тәртіп» тұжырымдамасы аясында ұйымдастырды, деп жазады Qazaqstan Media.

Акция «бір терезе» қағидаты бойынша жүргізіліп, сотталғандарға тікелей мекемелердің ішінде қажетті кеңес пен нақты көмек алуға мүмкіндік берілді. Бұл артық бюрократиясыз, ашық әрі қолжетімді форматта өтті.

Іс-шараға прокуратура өкілдерімен қатар, адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өңірлік өкілі, денсаулық сақтау басқармасы, адвокаттар қатысты. Сонымен қатар,  нотариустар палаталарының мүшелері, сот орындаушылар мен медиаторлар да қабылдау жүргізді. Нәтижесінде 68 сотталған адвокаттан кеңес алды. 39 адамға сот орындаушылар қызмет көрсетті. 11 жазасын өтеуші нотариусқа жүгінсе 25-сі медиаторлардан көмек алып, жетеуімен медиативтік келісім жасалды. 55 адамға медициналық қызмет көрсетілді, оның ішінде екі адам дәрілік препараттармен қамтамасыз етілсе, тағы екеуі амбулаториялық тексеруге жолданды. Сегіз сотталған арнайы дәрігерлерге жазылды. Прокуратура 105 жазбаша және ауызша өтініш қабылдады.

«Шараның басты мақсаты – сотталғандардың құқықтарын қорғау, олардың құқықтық сауаттылығын арттыру және өзекті мәселелерін шешуге жәрдемдесу. Сонымен қатар, бұл бастама құқықбұзушылықтардың алдын алуға, мемлекеттің ашықтығын көрсетуге және қоғаммен сенімді қарым-қатынас орнатуға бағытталған»,- дейді СҚО прокуратурасының өкілдері.  

Тағы оқыңыз:Петропавлда нашақорлыққа қарсы жаппай жүгіру өтті

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *